МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. СЕРКЕ ҚОЖАМҚҰЛОВ

Осыдан 125 жыл бұрын  кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, актер  ҚазКСР  Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері – Серке (Серәлі) Қожамқұлов дүниеге келді.

Қазақ театрының толағай тұлғасы Серке Қожамқұлов 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысы Қарабалық ауданында туған. Ол алты-жеті жасында қозы-лақ қайырып жүрген кішкентай күнінде-ақ «Серке» аталып кеткен екен. Сонда: «Балалар мазақтайды», – деп мұң шаққан ұлына анасы Айкүн: «Құлыным-ау, кейін топ алдында жүретін жігіттің серкесі болсаң, арман бар ма?» – деп жұбатқан екен. Анасының айтқаны келіп, ол қазақ өнерінің Серкесіне айналды.

С. Қожамқұлов Троицк қаласындағы медреседе білім алады. Азамат соғысы кезінде ол Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында болады. Кейін білімін Орынбор қаласында жалғастырады. Оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа тұрады. Алғашқы театрға деген құштарлығының оянуына өзінің жездесі Жүсіп Темірбеков  себепкер болады. Серке Қожамқұлов өнерге келу жолын өз естеліктерінде былайша еске алады: «Жездем осы үйірмеде артист болып ойнайтын. Үйге келгенде рөлін жаттап айтып беретін, мен тыңдап отыратынмын. Ол кісімен репетицияға бірге барам, киноға алып барады, менің артист болуыма үлкен әсер еткен – осы кісі. Тұңғыш рет сахнаға «Бірлік» колхозы деп аталатын өз ауылымда шықтым. Міне, өнерге келуім осылай басталды».

Қазақ театрын ұйымдастыру мәселелері қолға алынып, шақыртулар түскеннен кейін Серке өнер жолына түбегейлі бет бұрады. 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрына И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Шаниндермен бірге Қожамқұловтың шақырылуы оның актерлік өміріне даңғыл жол салған елеулі оқиға болды. Театр 1926 жылы 13 қаңтарда ресми түрде шымылдығын түріп, бірнеше спектакльді сахнаға шығарды. Осы тұста сахна өмірінен тәжірибесі мол Қожамқұлов театрдың алғашқы режиссері ретінде қызмет етті. Ол М.Әуезовтің «Бәйбіше мен тоқалын», «Еңлік – Кебекті», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын»,  Б.Майлиннің «Неке қияр», «Шаншар молдасын» т.б сахналап, ірі сахналық бейнелер жасайды. Сол алғашқы қадамдарынан-ақ Серкенің шын талантына тәнті болған М.Әуезов: «Тәжірибесі күшті, сахна техникасын меңгерген, бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты», – деп  бағасын береді.

Талантты актер Қазақстанның кино өнерінің дамуына да өз үлесін қосты. Ол отызыншы жылдардан бастап «Райхан», «Амангелді», «Ана туралы аңыз», «Тыныштық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», т.б. фильмдерге түсті.

Сатиралық образдар жасаудың шебері саналатын актер бірқатар қарапайым еңбек адамдарының жағымды бейнесін сахнаға шығарған. Саналы ғұмырын театр өнері мен кино саласына арнаған актер 84-ке қараған шағында «Ана – Жер-ана» спектаклінде Ақсақал рөлін ақырғы рет ойнап, алты күннен кейін дүниеден өтеді.

С.Қожамқұловтың есімі Жезқазған қаласындағы музыкалық драма театры мен Алматыдағы бір көшеге берілген. Ол үш мәрте Ленин орденімен, Қазан революциясы, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. С.Қожамқұлов туралы режиссер Қ.Әбусейітов «Сераға» атты деректі фильм түсірсе, композитор Ә.Бейсеуов «Сераға туралы әнін» арнаған.

Жуырда Қарағанды облысы Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалық драма театры Ұлттық музеймен бірлесе отырып Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесін өткізді.

 «Әкем 65 жыл сахнада өнер көрсетті. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында 200-ден аса рөлде ойнап, 25 фильмге түскен. Ғабит Мүсіреповтің «Серке Қожамқұлов – ел жұртқа ұстаз, періштедей таза, әділ адам» деген сөзі бар. Әкеміз біз үшін бәйтерек еді. Ол жастардың құлағында жүрсін деп 3 нәрсені айрықша айтып кетті, олар: өнер, тіл өнері, еңбек», – дейді сахна саңлағының қызы Мариям Серәліқызы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорындағы «Қазақ өнері» атты энциклопедиядан Серке Қожамқұлов туралы мол мәлімет алуға болады. Бұл басылымға сан ғасырлық тарихы бар ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосқан атақты сәулетшілер мен суретшілер, әншілер мен күйшілер, композиторлар мен дирижерлер, актерлер мен режиссерлер, өнертанушылар мен тағы басқа өнер майталмандары жайында қысқаша ғұмырнамалық мақалалар енген.

 «Жұмат Шанин. Арқалық батыр: Пьесалар мен мақалалар»  жинағында    қазақ театры мен музыка өнерінің жұлдыздары атанған атақты актерлермен қатар Серке Қожамқұловтың шығармашылығымен де танысуға болады.