МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. РОЗА БАҒЛАНОВА 100 ЖАСТА

2022 жылдың алғашқы күнінде аты аңызға айналған қазақ опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды.
КСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы атақтарының иегері Роза Тәжібайқызы тұтас бір дәуірдің ұлттық символына айналды.

Р.Бағланова 1922 жылғы 1 қаңтарда, Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келді. «Айналайын халқымнан еркелеткен» кітабында ол әкесінің ағылшын, француз, неміс, парсы, араб, өзбек, қазақ, орыс тілдерін жетік білгенін, Қазан төңкерісінде Бұхара әмірлігінің жоғары офицер шенінде қызмет еткенін жазады.

«Күндей әжем маған ән айтуды үйретті. Ол кезде ауылда радио жоқ еді. Ұзақ кештерде әжем сырмақтар мен көрпелерді тігіп, ән айтты, мен оған қосылып ән айтуды үйрендім», – деп жазады әнші.
Розаның дарыны ерте білінді. Төрт жасынан бастап ол халық әндерін шырқап, би биледі.
Алайда, олардың әулеті де 1920-1930 жылдары аштықты бастан өткерді. Күндей әжесінің әкесі өте бай адам болған. 1932-1933 жылдары оның бай жасауы Р. Бағланованың отбасын құтқарды. Ыдыс-аяқ, науалар, қасықтар, белдіктер мен білезіктер нанға айырбасталды.
1939 жылы мектеп бітіргеннен кейін Р.Бағланова Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсті. Әкесі қайтыс болғаннан кейін ол Ташкент тоқыма институтына сырттай ауысуға мәжбүр болды. Ташкентте оның әнін Ташкент Опера театрының солисі әрі филармония директоры М. Кари-Якубов кездейсоқ естіп қалады. Музыкант қызды тыңдалымға шақырады. Осылайша ол Өзбек КСР филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде жұмыс істей бастайды.
1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алады. Бірақ соғыс басталған тұста ол ансамбльмен бірге майданға кетеді. Әртістер бригадасының құрамында Қызыл әскер жауынгерлерінің алдында майданда өнер көрсетті. Оның алдыңғы концерттері үлкен жетістіктерге жетті, ол Лидия Русланованың репертуарынан әндер мен частушкаларды, соның ішінде «Ах, Самара-городок» әнін шырқады. Л.Русланова Розаның өнерін қатты ұнатып, жаңа жанып келе жатқан қазақ жұлдызына бұл әнді сыйға тартты деуге болады. 
Әншінің естелігі бойынша, ол 1941 жылдың 17 тамызынан бастап жеңіске дейін майданда болған. Ол Берлиннен 70 шақырым жерге дейін барлық майданды аралап үлгерген. Жеңісті Мәскеуде қарсы алды. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі Жеңіс концертіне қатысты.
Соғыстан кейін Р.Бағланова үлкен сахнаға оралып, Кеңес Одағындағы ең танымал әншілердің бірі болды. КСРО-да мен әлемге әйгілі алғашқы қазақ әншісі болды.

1947-1949 жылдары Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында,  1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармонияда жұмыс істеді.
1949 жылы Р.Бағланова кеңес-венгр «Юность мира» деректі фильміне түсті.
1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагариннің жерді айнала ұшқанда «Восток–1» кемесімен байланыс орнатқан Алматыдағы «Весна» қысқа толқынды станциясы 10 минут бойы Р.Бағланованың әндерін эфирге шығарды.
Роза Бағланова А.Вертинский, Г. Уланова, М. Плисецкая, И. Ильинский, А. Райкин, атақты С. Рихтер және Д. Шафранмен бір сахнаға шыққан. Ол И.Сталин, Н.Хрущев, Л. Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун сияқты әлемнің көптеген мемлекет қайраткерлерімен жеке таныс болды. Екі рет Джавахарлала Неру мен Индира Гандидің қонағы болды. Қазақ халық музыкасын және Қазақстан композиторларының шығармашылығын нсихаттауға үлкен үлес қосты. Роза Бағланованы Кеңес одағының мәдениет қайраткерлері «Қазақтың ерке қызы» («Маленькая казашка»)  деп атаған.
2007 жылы «Атамұра» баспасында «Айналайын халқымнан еркелеткен» өмірбаяндық кітабы жарық көрді. Бұл басылымды оқырман Елбасы кітапханасының қорынан таба алады.

2011 жылдың 8 ақпанында, 89 жасында Роза Тәжібайқызы ауқымды инфаркттан кейін қайтыс болды. 7 ақпан қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Роза Бағланованы  мәдениетті, білім беруді және әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қорының президенттік стипендиясымен марапаттаған еді.
Елбасы қайтыс болған әншінің отбасына көңіл айтты. «Роза Тәжібайқызы өзінің ерекше таланты, керемет орындаушылық шеберлігі арқасында халықтың ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Роза Бағланова майданда өнер көрсетіп, жауынгерлерді ерлікке шабыттандырды. Роза Бағланованың бай мұрасы мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады», – деп жазылған жеделхатта.
Әншінің есімі әлемдегі әйелдер туралы «Who is who?» ағылшын-америкалық энциклопедиясының алғашқы басылымына енгізілген. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әншіге арнап «Біздің Роза» деректі фильмін түсірді. 2011 жылы әртіс туралы «Ах, Самара-городок» деректі фильмі де жарық көрді.
Р.Бағланова – Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығының, «Отан» ордендерінің, «Жауынгерлік еңбегі үшін» (1943 жылы Киевте маршал И. С. Конев табыс етті), «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (1945 жылы Варшавада маршал К. К. Рокоссовский табыс етті), «Тың жерлерді игергені үшін», т. б. медальдарының иегері. 
Көптеген марапаттардан басқа, Роза Тәжібайқызы қазақ және қырғыз халықтары арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуға сіңірген зор еңбегі және ұлттық мәдениеттерді өзара дамыту мен байытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстанның халық әртісі атағын алған.
Р.Бағланова – Мәскеуде өткен Эстрада әртістерінің ІІ бүкілодақтық байқауының дипломанты (1946), Будапеште өткен Жастар мен студенттердің ІІ халықаралық фестивалінің лауреаты (халық әндерін орындағаны үшін арнайы жүлде, 1946), «Дәнекер» халықаралық сыйлығының (2000), «Тарлан» тәуелсіз жалпыұлттық сыйлығының (музыка саласына қосқан үлесі үшін, 2004), жыл сайынғы «Алтын жүрек» қоғамдық ұлттық сыйлығының («Өнер және мейірімділік» номинациясы бойынша, 2007), Дүниежүзілік мұсылман әйелдер қоғамының құрметті президенті, бірнеше қалалар мен Қызылорда облысының құрметті азаматы.
2021 жылғы 17 тамызда мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді.