«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ». МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН

«Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең қатыгез әрі қантөгісті соғыс ретінде бағаланады. Бұл фашизмге қарсы жалпыұлттық күрес болды. Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қатыгез соғыста Курс пен Днепрде мыңдаған совет солдаттары өз бастарын қатерге тікті. Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Мәлік Ғабдуллин сынды Қазақстанның әскерлері де жеңіс үшін жан алысып, жан берісті. Біздің жерлестеріміздің есімі мен ерлігі біз үшін аса бағалы».

Нұрсұлтан Назарбаев

.

 

Биыл Кеңес Одағының Батыры, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына – 105 жыл толады. 

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. 1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жетіжылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931-1935 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде білім алады. 1932 жылы Мәліктің шешесі Әлия мен тоғыз бауыры ашаршылықтың құрбаны болады.  

1936-1937 жылдары әскерге барып, әскери борышын өтеп келген Мәлік Ғабдуллин 1938 жылдың басында «Социалистік Қазақстан газетінде» бас редактордың көмекшісі болып жұмыс істейді. 1938 жылы қазан айында аспирантураға түсіп, Мұхтар Әуезовтің ұстаздығын көп көреді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанған Мәлік Ғабдуллин генерал Иван Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясына барып түседі. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап, соғыстың соңына дейін Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Алған жарақатына қарамастан Мәлік Ғабдуллин жауға қарсы оқ боратады. Соғыста өз әскерін жеңіске жетелеп, рух бере білген қолбасшы ретінде Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдулиннің кеудесіне Ленин ордені, Қызыл Жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысы ордендері тағылады.

Мәлік Ғабдуллин соғыс кезінде шығыстың қос шынарының бірі Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін үлкен еңбек сіңіреді.

«Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем»,-деген Мәлік Ғабдуллин табандылығы мен өжеттілігінің арқасында 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Батыр атағын алуға септігін тигізеді.

Соғыс аяқталғаннан кейін қазақтың С.Мұқанов, М.Әуезовтей қаламгерлерінің қасында жүріп, тәлім алған Мәлік өзі де жазуға ден қояды. Мәлік Ғабдулиннің қаламынан «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері, «Достар, жолдастар туралы», «Ызғарлы жылдар» атты шығармалар туды.  Жазушының қарапайым тілмен жазылған соғыс уақытындағы оқиғаларды оқырман қызыға оқып, жылы қабылдады.

М.Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды.

Сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті.

Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді.

М.Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдулиннің артына қалдырған мол мұрасы ұрпаққа өнеге.

Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде Көкшетау қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге ескерткіш орнатылды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапхана қорында Мәлік Ғабдуллиннің бірқатар шығармалары сақталған:

«Қазақ халқының ауыз әдебиеті». Бұл еңбек бүгінге дейін бірнеше мәрте басылған (1958, 1964,1974,1996). «Классикалық зерттеулер» сериясының 24-томында жарияланып отырған мәтін алғашқы 1958 жылғы түпнұсқаның көшірмесі.

«Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес». 11-томдық шығармалар жинағы. Бұл томға қазақ мектептерінің 9-сыныбына арнап құрастырған «Қазақ әдебиеті» оқулығы және кезінде оқырман қауым жылы қабылдаған «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты мектеп педагогогикасына арналған кітабы енгізіліп отыр.

«Майдан очерктері». 11-томдық шығармалар жинағы. Кеңес Одағының Батыры, академик-ғалым Мәлік Ғабдуллин еңбектерінің толық жинағының бұл томына автордың майдан өмірі жайында әр жылдары жазылып, түрлі атаумен кітаптарға еніп, жарық көрген әңгіме-очерктері енгізілген.