Латиф Абдулхайұлы – композитор, педагог, ҚазКСР-інің халық артисі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы.
Композитор 1906 жылғы 17 шілдеде бұрынғы Қазан губерниясында дүниеге келді.
1926 жылы Ташкенттегі халық ағарту интитутын, 1931 жылы Мәскеудің бірінші музыкалық техникумының композитор бөлімін тәмәмдаған. Кейін 1938 жылы Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясында білім алған.
1933 жылы Алматы қаласына қоныс аударған ол қызмет жолын Қазақ радиосы хорының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі ретінде бастаған.
1938-1940 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестерінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі міндетін атқарады. 1940-1942 жылдары Қазақтың хор капелласының бас дирижері және жетекшісі болды.
1942 жылы Алматы музыка училищесінде, 1944 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етті. Композитор Н. Тілендиев, дирижерлер Ш. Қажығалиев пен Ф. Мансұров, домбырашы Қ. Мұхитов сияқты білікті мамандардың шәкірті болған.
Бұл жылдары композитор «Бесжұлдыздықтың ерлері», «Қызыл қыран» әндерін жазды. «Отанға ант», «Қазақстан», «Отан» атты вокалдық шығармаларында туған елге деген шексіз сүйіспеншілігін, қазақтың кең-байтақ даласын, оның сұлу табиғатын бейнеледі. Ұлы Отан соғысы жылдары жазған потриоттық сезімге толы әндері «Атаныңдар майданға», «Біз – кеңес еліміз», «8 гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нұркен» әндері халықты қаһармандық сезімге бөледі.
Латиф Абдулхайұлы – музыка тарихында қазақ вальсін жазған тұңғыш композитор. Оның халық арасына кеңінен тараған «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлы» ТМД елдері, сондай-ақ дүние жүзі сахналарында шырқалды. Сонымен бірге хорлар, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалар, спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды. Оның Отан, туған ел туралы әндері лириканы арқау етсе, бейбітшілік пен тың игеруге арналған әндерінен үміттің лебізі еседі. Жас өспірімдер үшін шығарған әндері балалардың шаттыққа толы өмірін паш етеді. Ол халық музыкасын жинауда, қазақтың опера өнерін өркендетуге елеулі еңбек сіңірді.
Композитор қазақ опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосты. Оның қаламынан «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» атты опералары, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасы және «Балбұлақ» опереттасы тамған.
Сонымен бірге оның Б. Ғизатовпен бірлесе жазған «Домбыра үйрену мектебі», Х. Тастановпен бірге құраған «Дирижерлік етудің негіздері», т.б. зерттеу еңбектері бар.
Композитор бар саналы ғұмырын қазақ өнерін насихаттап, дамытуға жұмсады. Оның жазған әндері, опералары әлі де сахнада орындалуда.
Латиф Хамиди Қазақ КСР мемлекеттік гимні авторларының бірі, музыкалық қоғам қайраткері болды. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен үш мәрте марапатталып, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорында сазгер туралы А.Қ. Омарова құрастырған «Латиф Хамиди» кітабы бар. Басылым қазақ музыкасының жанашыры, композитор, педогог-ұстаз Латиф Хамидидің өмірі мен шығармашылығына арналған.
Латиф Хамидидің 100 жылдығына орай шығарылған бұл кітапқа композитордың түрлі жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен замандастарының, шәкірттерінің эссе-естеліктері сұрыпталып енгізілген.
Қазақ халқының өміріне, тарихы мен мәдениетіне, ғылымы мен экономикасына еңбек сіңірген ел азаматтары туралы Б. Нұржекеұлының «Жүз тұңғыш» атты жинағына да композитордың есімі кірген. Жинақ арқылы оның өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды деректермен танысуға болады.
