20.08.1997 ж. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жазушы Қасым Қайсеновпен кездесуі
Бүгін аты аңызға айналған партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің туған күні. Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан партизан жауынгер, қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов Ұлы Отан соғысының қиын кезеңдері туралы қалам тербеген көрнекті жазушы.
Қасым Қайсенов 1918 жылғы 23 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайса, анасы Бижамал сегіз баланы аман-есен өсірген қарапайым еңбек адамдары. Туған ауылында жетіжылдық мектепті бітіргеннен соң Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Сол жерде болашақ жары Асылмен танысады. Көңілдері жарасқан екі жас 1937 жылы отбасын құрады. Ол кезде Асыл Қабышқызы небары 16 жаста болған. Бір жылдан кейін жас жұбайлар техникумды ойдағыдай аяқтайды. Бұдан кейін Қасым 1938-1939 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады. Ал 1939 жылы әскери-барлаушылар мектебіне қабылданып, ол оқу орнын 1941 жылдың күзінде бітіреді. Сол жылы ол Украинаға партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады.
Украина жеріне алғаш табаны тиген Қасымды көрген Кеңес әскерінің сапындағы көп ұлттар бұдан бұрын қазақ деген ұлттың атын естімеген болып шығады. Орыс-украиндер оның атын атауға тілі келмегесін, алғашқы сәттен-ақ «Василий, Вася» деп атап кетеді. Ол жерде Қасым Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Оқ пен оттың ортасында жай оғындай жарқылдаған Қасым Қайсеновтің қайсарлығы мен ерлігіне кеңес жауынгерлері қайран қалысады. Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс»,- деген екен.
Қасым Қайсенов Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. «Украина – менің екінші Отаным. Украиндіктер – мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адаммын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазушыларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елшісіндей сезінемін», - деген екен Қасым Қайсенов бір естелігінде.
Қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің соғыс кезіндегі дұшпанның тылында көрсеткен ерліктері Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихында мәңгі сақталады.
Соғыстан жеңіс туын желбіретіп туған Отанына оралған батыр елдің бейбіт елдің тірлігіне білек сыбана кіріседі. Қасым Қайсенов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының аппаратында қызмет атқарған. 1945-1970 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жамбыл облысындағы Жуалы және Свердлов (қазір – Байзақ ауданы) аудандарының атқару комитеттерінде төраға орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласқан. 1953-1970 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағында және «Жазушы», «Қайнар» баспаларында басшылық қызметтерді атқарған.
Қасым Қайсенов Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген жазушы. Ол жұртшылыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы. 1954 жылы қаламгердің орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» тағы да басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман жүрегіне жол тапты. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсенов – Қазақстан Жазушылар Одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Әр жылдары «Отан» орденімен, ІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» екі орденімен, «Чехословакия партизандары», екі І дәрежелі «Отан соғысы партизанына» медалімен және Кеңес Одағының тағы басқа он бес медалімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Украин КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және ІІ және ІІІ дәрежелі «За заслуги» орденімен марапатталған.
Елі сүйген батырды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ерекше құрметтеп, осыдан ширек ғасыр бұрын, 1995 жылғы 9 мамырдағы арнайы жарлығымен Қасым Қайсеновке тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесіне өз қолымен «Алтын жұлдызды» тақты. Бұл туралы әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов өз естелігінде былай дейді: «... Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де Халық қаһарманы атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді».
Әйгілі батыр Қасым Қайсенов 2006 жылы 89 жасқа қарағанда дүние салғанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым Қайсеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Елбасының жеделхатында «Қасым аға өзінің бүкіл болмыс-бітімімен батыр болып жаратылған жан еді. Мұның өзі оның әрбір іс-әрекетінен көрініп тұратын. Ел тәуелсіздігін қуана қарсы алған ол әрбір табысымызға шаттанып, әрдайым өзінің турашыл, ақсақалдық пікірлерін ортаға салып отыратын. Қайсеновтің өмір шындығына негізделіп жазылған тамаша кітаптарын жастарымыздың әлденеше буыны қызыға оқып, ержетті. Мұның өзі олардың отансүйгіш, батыр да батыл болып өсуіне ықпал еткені күмәнсіз. Ол шығармалар келешекте де қастерлі қазынамыз болып қала бермек, - делінген еді.
Қасым Қайсенов тек қаһарман ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде елдің есінде мәңгі сақталады. Жазушының жаһұт дүниелері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында сақталған. Оқырмандар қаламгердің мына кітаптарымен толық таныса алады:
«Жау тылындағы бала: Повестер мен әңгімелер». Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысы партизан отрядының командирі Қасым Қайсеновтің «Жау тылында» кітабы – Ұлы Отан соғысы жеңісінің 60 жылдығына орай қайта басылып шыққан. Бұл кітапта Ұлы Отан соғысы кезінде жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зорерліктерін және өзінің ауылда өткен балалық шағын үлкен тебіреніспен суреттеп жазған. Онда партизан жазушының Украина, Молдова, Венгрия жерлерінде жүріп, жау тылында жасаған ерліктері, Отанға, елге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі жайлы айтылады.
«Естеліктер мен жазбалар». Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры, партизандар отрядының командирі, Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің бұл жинағына бірқатар естеліктері мен соңғы жылдары жазған мақалалары, көсемсөз-толғаулары топтастырылған.
