Қазақ поэзиясының өкілі Мұқағали (Мұхаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз аулында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген.
Мұқағалидің әкесі Сүлеймен қарапайым шаруа адамы болып жүріп, кейін отандастарымен бірге майданға аттанады. Ал анасы Нағиманға ақын аса жақын болмаған. Оны жеңге есебінде көрген. Бұл отбасындағы тұңғыш ұлдың ата-әже қолында өсуімен байланысты болса керек. Өзінен кейінгі інілері Тоқтарбай мен Көрпешке ерекше қамқор болып, ерте есейеді.
Алматы облысы, Райымбек ауданы Текес ауылдық кеңестің хатшысы және мектеп мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Ал 1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінен дәріс беріп, қазақ радиосында диктор, Шалкөде ауданында Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол ауданындағы «Советтік шекара» газетінің (қазіргі «Хантәңір») жауапты хатшысы, «Социолистік Казақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қәзіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында қызмет атқарып, Жазушылар одағында поэзия бөлімінің кеңесшісі болды.
1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқиды. Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» алғаш рет 1949 жылы «Советтік шекара» газетінде жарияланды. «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді. Ақынның талантын бағалаған Ә. Тәжібаев «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?» деген еді. («Қазақ әдебиеті», 18.03.1960).
Мұқағали Мақатаевтың «Ильич», «Ақ қайың әні», «Ару ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар қош болындар», «Чили шуағым менің», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Райымбек ! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма-толғаулары бар. Мыңнан астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер туралы терең толғаған.
Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы өзі: «Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұндасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым», немесе «Тіпті де мен еместі «Мен» – дегенім.... Өзгенің жан-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін», дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні «өзін-өзі» зерттеуден тұрады.
Адамгершілік тақырыбы ақын шығармашылығының келбетін ашатын салаларының бірі. М. Мақатаев туындылары қай кезде де, қашан да жалаң ой, жапдағай суреттен емес, айшықты образбен өріліп жатады. Жер бетіндегі адамзатты тең, ортақ көреді. Осы себепті де ол өз ұлтының негізінде ерекшелігін сақтай тұра әлемдік мәселелерге де құлаш сермейді. Адамзат өміріне ортақ ірі ой қорытады:
«Өзіңіз жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та «биікпін» деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа,
Бәріміз бір аспанның астындамыз.
Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,
Шайқаңыз осы өмірді жүріп мейлі.
Ойланыңыз, арзан, сасық ырыс,
Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді».
Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі.
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»
Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды «Мавр», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің». Дүниеден өтер алдын «Реквием» атты толғау-өлеңін жазды.
Елбасы кітапханасының қорында қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, «ғасыр ақыны» атанған Мұқағали Мақатаевтың және қазақ жазушыларының еңбектері өте көп. Кітапхана қорында жалпы 50-ден аса әдебиеттер мен естелік еңбектермен көпшілік қауым таныса алады.
Атап айтқанда, олардың қатарында «Бәсіре: Өлеңдер, толғаулар, дастандар» (құраст. : С. Дәуітов, 1981), «Өлеңдер, поэмалар» көп томдығы (құраст.: Лашын Әзімжанова, Сәрсенбі Дәуітов, 1982), «Аманат: Жыр кітабы» (құраст. – А. Алтай, 2002), «Өмір – өзен: Өлеңдер мен дастандар» (2005), «Өлеңдер, поэмалар» (2009), «Мәңгілік сәулесі» (Амангелді Кеңшілікұлы, 2011), «Таңдамалы шығармалар» (2011), «Жыр кітабы» (құраст. – Б. Айдарова, Қ. Ботбай, 2012), «Жыр маржаны» он томдығының бесінші томы (құраст.: Құлкенов М.Ә., Мұқышева Г., 2014), «Мәңгілік мұра : Зерттеулер» (Қадыр Әлімқұлов, 2015), «Мұқағали Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық» (Бибіжан Бегманова, 2015), «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы (құраст.: Б. Айдарова, Қ. Ботбай, Т. Рсаев, 2016), «Мақатаев Мұқағали : Қасқыр жүрек ұлдарым ер жетеді» (құраст.: Р. Сейсенбаев, 2017) бар.
2016 жылы жарыққа шыққан Мұқағали Мақатаевтың энциклопедиясы ақынның мол мұрасының қауышын ашып, оның асыл дәнін оқырман қауымға барынша саралап көрсетуді мақсат еткен. Бұл еңбекте сонымен қатар ұлы ақынның өмір жолы, туған жері, өскен ортасы, үрім-бұтағы, дос-жарандары, қаламдас жолдастары, таным-сенімі, қоғамдық, әлеуметік, діни көзқарастарына байланысты нақты мағлұмат беретін материалдар жүйелі жинақталған.
