Биыл қазақ халқының көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, көсемсөз шебері – Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толды.
«Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ
Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!» – деп жырлаған Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 15 қарашада Торғай облысында дүниеге келген. Сегіз жасынан бастап ауыл мектебінде оқып, он екі жасында Торғай екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алған. Педагогикалық курстарды аяқтап, 1902 жылдан 1909 жылға дейін өзінің туған жерінде ауыл мұғалімі болып жұмыс істейді.
«1897 жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым» - деп жазады Міржақып Дулатұлы өзі жазған өмірбаянында.
Міржақып 1904 жылы Омбыға барып, ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге ол Омбыдағы революциялық үйірмелерге, Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905–1907 жылдары Оралдағы қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрамында болды.
1907 жылы Петерборда оның «Жастарға» атты алғашқы өлеңі жарияланды. Екі жылдан соң М. Дулатұлының үлкен танымалдылық әкелген «Оян, қазақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Халықты бостандыққа, еркіндікке шақыратын бұл жинақ патша өкіметінің тарапынан ақынның қудалануына себепші болды. М. Дулатұлы туған өлкесін тастап, Петропавлға қоныс аударып, мұнда өзінің әдеби шығармашылығын жалғастырды.
М. Дулатұлы – қазақ әдебиетіндегі роман жанрының негізін қалаған жазушы. 1910 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Бақытсыз Жамал» атты алғашқы қазақ романы – өз заманының елеулі көркем туындысы болатын. Бұл туынды – қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде жазылған тұңғыш роман еді.
1913 жылы Орынборда «Азамат» атты өлеңдер жинағы, 1915 жылы «Терме» атты әдеби-публицистикалық кітабы жарық көрді. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы – ел тағдыры болды. М. Дулатұлының шығармалары жоғары поэтикалық шеберлігімен, азаматтық пафоспен ерекшеленді. Ол аударма жанрында да қалам тартып, А. Пушкиннің, М. Лермонтовтің, Ф. Шиллердің, Г.Тукайдың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Өзінің қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейтін шығармалары үшін жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз қамауда болған М. Дулатұлы 1913 жылы Орынборда тұрақтайды. Сол кезде А. Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығаруға белсене атсалысты. «Қазақ» газетінде ол саяси бағытталған өлеңдерімен, сол кездің өзекті мәселелеріне арналған публицистикалық материалдарын жариялады.
1920 жылы ол «Ақжол» газетіне редакторлық етеді. Кейіннен педагогикалық жұмыс атқарып, қазақ мектептері үшін оқулықтар дайындаумен айналысады.
М. Дулатұлы 1926 жылы қайтадан журналистикалық қызметіне оралып, қоғамдық-саяси әдебиетті аударады. «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет етеді. Сондай-ақ ол қазақ журналистикасының жас мамандарының кәсіби қалыптасып, дамуына өз үлесін қосады.
Міржақып Дулатұлы 1930 жылы жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесіліп, кейіннен кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды. Ол 1935 жылдың 5 қазанында қайтыс болады.
Елбасы кітапханасында Міржақып Дулатұлының төмендегідей еңбектері сақталған:
