МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. АБЫЛАЙ ХАННЫҢ 310 ЖЫЛДЫҒЫ

«Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету керек», - деп Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» мақаласында жазады. Биыл қазақ халқының көрнекті саяси

Абылай хан (Әбілмансұр) 1711 жылы әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте қауіпті, ауыр кезең еді. Үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ мемлекетінің жойылып кету қаупі төніп тұрды. Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22–де батыр, қолбасшы ретінде танылады.

XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті.

1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей патшасы Екатерина ІІ Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе, оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртады, алайда  Абылай хан ол  шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», - деп жауап берген. Шын мәнінде де Абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы  саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары санады.

Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды.

Абылай ханның XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі екенін айта кеткен жөн болар. Себебі қазақ қоғамында күйдің алар орны айрықша, ең мол дерек көзі күй тілінде және күй аңыздары түрінде сақталған. Абылай ханның күйлерінің тақырыбы нақтылы өмір құбылыстарына арналған және де ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, А. Затаевич сияқты ғалым–зерттеушілер кезінде жазған. Олар: «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қоржын қақпай», «Жетім торы» т.б.

Қазақ халқы бірлікке, тәуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды. Абылай сұлтан болған кезінде ақыл–айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Байдалы би, Сасық би, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б.  батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау сияқты сыншы-жырауларды топтастыра білді.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Абылай деген ат тәуелсіздік, бостандық, бірлік, ерлік, азаматтық, мемлекеттік тәрізді  ұғымдармен бірге айтылатын болды. Ақмола облысында Абылай ханның құрметіне тұрғызылған ескерткіштің ашылу рәсімінде Елбасы: «Халық тағдырындағы ең бір ауыр кезеңде ол мемлекет пен ұлт бірлігін сақтай алды. Сұрапыл жылдарда Абылай хан айлалы дипломат әрі ұлы қолбасшы ретінде таныла білді», - деген болатын.

Өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізген Абылай Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.

Бүгінде Абылай ханның есімімен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының көшелері аталған. Оның есімі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілген. Петропавлда ханға қола шабандоз ескерткіші қойылып, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені ашылды. Ханның портреті Қазақстанның алғашқы ұлттық валютасы, 100 теңгелік банкнотқа, тәуелсіз Қазақстанның пошта маркасына салынған. Алматы, Көкшетау, Жезқазған, Ақтөбе қалаларында ескерткіштер орнатылды. Абылай ханның 300 жылдығы 2013 жылы Көкшетауда атап өтілді.

Айта кететін жәйт, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Абылай хан ескерткішінің Көкшетаудағы ашылу салтанаты (05.11.1999 ж.) мен «Абылай хан резиденциясы» кешенінің ашылу салтанатынан (20.08.2008) Елбасы кітапханасының архивінде 22 құжат пен 2 фотосурет бар.

2019 жылы президент Қ.К. Тоқаев Көкшетауда Ақмола облысын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Абылай ханның 54 метрлік ескерткішін орнату жобасын қолдады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының экспозициясында Абылай хан қылышының үзіндісі ұсынылған. 1758 жылы наурызда Ресей патшайымы Елизавета І-нің бұйрығымен Сыртқы істер алқасы Орта жүз сұлтаны Абылайды ескі орыс және қазақ тілдерінде жазуы бар қылышпен марапаттады. Абылай хан ұрпақтары атынан қылыштың сынығын Елбасыға белгілі тарихшы, профессор Ермұхан Бекмахановтың қызы Наиля Бекмаханова тарту етті.

Елбасы кітапханасының кітап жинақтарынан оқырман Абылай хан туралы келесідей әдебиеттерді таба алады: «Абылайхан» (Нәсенов Б.); «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар) (Янушкевич А.); «Көркемсуретті Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін»; «Қазақ елінің ұлы ғұламалары» (Бұхарбаев Ә.); «ХХ ғасырдың қайраткерлері» (Бұхарбаев Ә.); «История Казахского государства. XV-XX вв.» (Данияров К.); «Қазақстан тарихы. Бес томдық. Т.3. Көне заманнан бүгінге дейін» (ред. М.Қ. Қозыбаев); «Дүние ғапыл: Өлеңдер мен драма» (Кекілбайұлы Ә.); «Абылай хан: тарих, тұлға, уақыт» (Қасымбаев Ж.); «Абылай хан. История, личность, время» (Касымбаев Ж.); «Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар» (құраст.: З.С. Тайшыбай); «Государственные деятели Казахских ханств ХVIII-первой половины ХIХ в.» (Касымбаев Ж.); «Абылайдың ақ туы» Тарихи роман. (Ұ. Доспанбетов); «Абылай хан мен Аталық: Өлеңдер мен дастандар» (Т. Сәдуақас); «Абылай» (Қ. Жамантаев); «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» (О. Смағұлұлы, М. Қожаев, А. Оразаққызы); «Хан Абылай и его время» (Абуев К.); «Бабалар сөзi: Жүз томдық. Т.29. Қытайдағы қазақ фольклоры: Тарихи жырлар» (жауапты редактор: С. Қосан).