МӘҢГІЛІК ДОСТЫҚ ПЕН ОДАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЙҒАННАН КЕЙІНГІ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

1998 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойылды. Аталған декларация қазақстан-ресей қатынасындағы негізгі құжат саналады, екіжақты байланыс пен ынтымақтастық үшін тараптар қол қойған барлығы 300-ден астам келісімшарт пен келісімдер бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев экономикалық, саяси, әскери салалардағы өзара тәуелділікті ескере отыра атаған қазақстан-ресей байланыстарын нығайту мен дамытудың маңыздылық Декларацияның миссияна енді.

Қазақстан мен Ресей арасында бұрыннан қалыптасқан тату көршілік қарым-қатынастар жаңа мыңжылдықта табысты екіжақты қатынастарды дамытудың жаңартылған бағытына ие болды. Декларацияның негізгі міндеті - екі елдің ортақ мүдделеріне сай келетін шарттық-құқықтық базаны әзірлеп, кейіннен әрі оны жүзеге асырудың тиімді тетігін құру. Сонымен қатар, жаңа тарихи шынайылықта тепе-тең және егемен мемлекеттердің стратегиялық өзара іс-қимылын тереңдету және кеңейту жоспарланған болатын [1].

Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылдың наурызындағы Ресейге ресми сапары барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалар бойынша іс-әрекет жоспары анықталды, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану шарттары алдын-ала келісілген болатын. Сол кезде Елбасы М.Ломоносов атындағы ММУ-де сөз сөйлеп, Ресеймен стратегиялық серіктестікке бағытталған Қазақстанның сыртқы саяси даму бағытын анықтаған Еуразиялық одақ құру бастамасын алға тартты. Аталған идеяның 20 жылдан кейін, 2014 жылғы 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгеніне қарамастан, бүгінде осы бастаманың ең маңызды және тиімділігі жоғары жобалардың бірі ретінде сенімді түрде бағалауға болады. ЕАЭО нарығындағы еркін сауда мемлекетіміздің Одаққа мүше елдермен өзара сауданы едәуір арттырды, сондай-ақ серіктестеріміздің нарықтарында қазақстандық өндірушілердің тауарларының бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз етті.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының стратегиялық серіктестігі басынан бастап серпінді дамыды және қазіргі уақытта сауда-экономикалық, ғылым, көлік және ғарыш саласындағы жаңа бағыттарды қамтиды.

Ресей -  Қазақстанның басты сауда серіктесі. 2019 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 19,6 млрд долларды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға (18,36 млрд доллар) өсті. Ресейден Қазақстанға тауар жеткізу көрсеткіші 14 миллиард долларды құрап, 7,7 %-ға артты, ал Қазақстаннан Ресейге тауар жеткізу көрсеткіші 4,2 %-ға өсіп, 5,6 млрд долларды құрады. Тауарлар импортының ауқымды үлесін машиналар, жабдық, көлік құралдары, құрылғылар мен аппараттар (3,5 млрд доллар) құраса, ал экспорт минералды және отын-энергетикалық тауарлардан (2,25 млрд доллар) тұрады [2].

Екі ел қарым- қатынастары электр энергетикасы және атом энергетикасы саласында белсенді дамуда, Қазақстандағы уран кен орындары бірлесе игерілуде, сондай-ақ қазақстандық мұнайды экспорттау Ресей аумағы арқылы транзиттау арқылы мұнай-газ саласындағы тығыз ынтымақтастық орнап, үшінші елдердің нарықтарына жеткізу үшін қазақстандық табиғи газды сатып алу және маркетингтеу жүзеге асырылуда.

2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 7 066 ресей кәсіпорны мен 3 239 бірлескен ресейлік-қазақстандық кәсіпорын жұмыс істеуде, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ресейлік қатысумен компаниялар үлесі 37,4 % құрайды. Бірлескен инвестициялық ірі жобалар қатарында Ақмола облысындағы «VECTOR» комбайндарын және Көкшетау қаласында техниканың түрлі типін, Нұр-Сұлтан қаласында электровоздар мен магистральды тепловоздар шығару, Өскемен қаласындағы толық циклді автозауыт пен автобөлшектер шығаратын технопарк құрылысы, сондай-ақ Жамбыл облысындағы фосфорлы тыңайтқыштар өндіретін кешеннің құрылысы бар.

2019 жылғы 25 сәуірде Қазақстанның Премьер-Министрі А. Маминнің Ресейге жұмыс сапары барысында «КАМАЗ» көлік жабдықтары маркасы үшін техника және құрамдастарын өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы алтыжақты келісімге және «Кировец» маркасының тракторлары мен оның құрамдас бөлшектерін өндіруді ұйымдастыру» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.

Серіктес екі мемлекет ұзақ уақыт бойы ғарыш саласында ынтымақтасқпен жұмыс жасап келеді. 1994 ж. 28 наурыздағы ҚР және РФ арасындағы «Байқоңыр» кешенін пайдаланудың жалпы принциптері мен шарттары туралы келісім, 1994 ж. 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы үкіметаралық келісім, 2004 жылғы 9 қаңтардағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы ҚР және РФ арасындағы келісім негізінде Ресей Федерациясы Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алды. 2018 жылғы тамызда тараптар «Союз-5» орта қашықтықтағы жаңа зымыран үшін Байқоңырда Бәйтерек ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге қол қойды. 2019 жылдың қыркүйегінде Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің атын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне «Назарбаевтық старт» деп өзгертуді ұсынды [3].

Қазақстан-Ресей қатынастарының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл болып саналады. Көпжақты алаңдардағы қос елдің мақсаты мен міндеті бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан түрлі халықаралық ұйымдардағы бірлескен қатысуларын байқауға болады: Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқалар. Бұл - халықаралық қауымдастықтағы өзекті мәселелер бойынша мемлекеттердің ұстанымын ескере бірін бірі елдік форматта ғана емес, дербес қолдай отырып, сыртқы саясат күн тәртібіндегі басымдықты атап өту.

Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың барлық мәселелерін тиімді шешу үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істеуде, оның құрамына ынтымақтастықтың салалық бағыттары бойынша тағы 6 шағын комиссия кіреді: банкаралық және инвестициялық; көлік; өңіраралық және шекара маңы; әскери-техникалық; отын-энергетика саласында; өндірістік салада. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен білім және ғылым саласында екі шағын комиссия жұмыс істейді.

Мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қою арқылы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары дипломатиялық қатынастарды құруға бағыт берді және бүгінде сындарлы үнқатысу және өзара мүдделерге байланысты әлемде де, қатысушы елдердің ішінде де заманауи және өзекті мәселелерді ескере отырып, серіктестік серпінді, сенімді дамуда.

Дереккөздер:

 

  1. Қ.Әбдірахманов «Қазақстан мен Ресей серіктестігінің стратегиялық негіздері» https://rg.ru/2018/07/06/osnova-strategicheskogo-partnerstva-kazahstana-i-rossii.html
  2. 2019 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айнылымы https://ru.sputniknews.kz/infographics/20200212/12829821/tovarooborot-russia-kazakhstan-2019.html
  3. https://www.kazembassy.ru/rus/dvustoronnee_sotrudnichestvo/ekonom_sotrudnichestvo/