МЕЙІРІМДІЛІК ШУАҒЫ

Наурыз мерекесі қарсаңында және «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында «Тұңғыш», «Шаңырақ», «Энергетика», «Экономика», «Басқосу» бастауыш партия ұйымдары «Ақкөл қаласы, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 балалар үйі» КММ концерттік бағдарламамен барды.

Салтанатты шара ашқан «Тұңғыш» БПҰ төрағасының орынбасары Ерден Ордабек және «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының кеңесшісі Аида Жанпейісова тәрбиеленушілерді мейірімділікке толы Наурыз мейрамымен құттықтады.

– Партияның «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында жанға жылу сыйлайтын іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгін Ақкөл қаласының №1 балалар үйіне концерттік бағдарламамен келдік. Сіздерді келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, кітапханаларыңызға құнды басылымдарды тарту етсек дейміз. Кітап оқу – жетістікке жету жолдарының бірі екені бәрімізге мәлім. Көп ізденіп, білімін ұштауға құштар болған бала кез келген жоғарғы оқу орнына немесе колледжге түсіп, қалаған мамандығын меңгере алады. Сол себепті де «Тұңғыш» БПҰ өкілі ретінде аталмыш балалар үйінің тәрбиеленушілерін Елбасы кітапханасындағы экскурсияларға шақырамын, - деп атап өтті Ерден Ордабек.

– Бұл үлгідегі іс-шаралардың негізгі мақсаты – Отанның тағдырын жеке өмірі ретінде қабылдайтын білімді, өнегелі, шығармашыл жастарды тәрбиелеу. Біз елінің бүгіні мен ертеңіне байланысты өзінің жауапкершілігін терең сезінетін ұрпаққа тәлім береміз, - деп бөлісті Аида Жанпейісова.

Шара барысында Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің сарапшысы, «46th WIC Annual Charity Bazaar» мәдени бағдарламасының қатысушысы Дана Мырзаханова музыкалық нөмірін көпшілік назарына ұсынды. Халықаралық байқаулардың лауреаты қобыздың қоңыр үнімен балаларды тәнті етті.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері де қарап қалмай, ән мен биден шашу шашып, өнерлерімен тамсандырды. Жеткіншектердің көбі – шығармашылық байқаулардың жеңімпазы. Олардың жан-жақтылығын қолөнер туындыларының көрмесі паш етеді.

Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен балалар үшін тоғызқұмалақтан шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Ұлттық спорт ойынының қыр-сырын әлемнің екі дүркін чемпионы, «Тоғызқұмалақ» компьютерлік ойынының авторы Серік Ақтаев түсіндірді.

– Ақкөл қаласының №1 балалар үйінің іші ерекше жылуға толы. Тәрбиеленушілердің тоғызқұмалақ ойынымен бұрыннан таныс екеніне іштей қуандым. Ойынға деген зор қызығушылықтарын танытып, аяғына дейін күш сынасқан балалар икемдерін ары қарай дамыта берсе, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары атанады. Оларды спорт ойынына дайындауға дайынбыз, - деді ол.

Ал бастауыш партия ұйымдарының өкілдері балаларға асық ойынының ережелерін түсіндірді.

– Сіздердің келетіндеріңізді естіп, балалар да, балалар үйінің тәрбиешілері де қатты қуанды. Еліміздің жетістіктері жайлы баяндап, балаларды қанаттандырып, оларға бағыт көрсеттіңіздер. Балаларға деген ықыластарыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз, - деді балалар үйінің  жетекшісі Рауза Қанатова.

Кездесу соңында партия мүшелері балаларға тарту-таралғыларын үлестірді. Оларға ойыншықтармен қатар қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Біздің Президент», «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Әлемді өзгерткен сөздер» кітаптары және Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары», «Жылдар мен ойлар» атты кітаптары табыс етілді.