«МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН» САБАҒЫ ӨТТІ

Білім күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде №73 мектеп-лицейдің бірінші сынып оқушыларына арналған «Менің Отаным – Қазақстан» ашық сабағы өтті.

Туған жерге қатысты оқушылардың білімін кеңейтуге бағытталған сабақ балалардың Қазақстан тарихына деген қызығушылығын тереңдетіп, оларды Ата заңымыздың тарихымен таныстыруға, отансүйгіштік қасиетке баулуға, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге шақырады.

Ашық сабақ кезінде балалар тақпақтарын оқып, сайыста білім сынасты. Олардың белсендігі мен тапқырлығына қарап ата-аналар риза. Өнерлерін паш еткен кішкентай бишілер мен әншілер жұрттың көзайымына айналды.

Іс-шарадан естелік ретінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова балаларға мазмұнды кітаптар мен мектепке қажетті құрал-саймандарды табыстады.

– Елбасы кітапханасының ұжымы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы жатқан балақайларды келе жатқан мерекемен құттықтайды! Ашық сабағымызға қатысқан әр балаға ата-анасының, ұстаздарының, мемлекеттің артып отырған үміті зор. Сол үміт ақталып, бүлдіршіндер еліміздің бетке ұстар абыройлы азаматтары болсын деген ниетпен бүгінгі шараның қатысушыларына сәттілік тілейміз, - деді ол.

– Биыл менің шөбереммен қатар көптеген бала бірінші сыныпқа барғалы отыр. Оқу жылы қарсаңында оларға ашық сабақ өткізіп, дайындық жүргізген мамандарға бас иемін. Айналайын, бөбектерім, алғашқы қадамдарыңа нұр жаусын! Сендерге тәрбие мен білім беріп отырған ата-аналарың, ұстаздарың аман болсын! Оларды қуантып, келешекте елдің мақтанышы болам десеңдер, сабақты зейінмен оқып, білім озаты болыңдар, - деп оқушыларға Асылкүл Бірімқұлқызы қария батасын берді.

Ұлдарын бірінші сыныпқа бергелі жатқан Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина балақайлардың алғашқы сабағы кезінде Тұңғыш Президенттің резиденциясы, бүгінде Елбасы кітапханасының музейі аталған қасиетті жерде өтіп жатқанын жақсылықтың белгісі деп бағалады. Олардың айтуынша, мектепке кіріспені әнұран айтудан, туған жерге лебіз білдіруден бастаған кез келген оқушы болашақта халыққа қызмет етер елінің жанашыры  болмақ. Бұл мақсатты жыл сайын орындауды дәстүрге айналдырған Елбасы кітапханасына жұлдызды жұп зор алғысын айтып, келушілерге жақсылық тіледі.