«МЕН ОСЫНДА ҚАЛАР ЕДІМ!» ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА СЕРБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ СКУПЩИНАСЫ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БОЛДЫ

Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Сербия Республикасы Халық Скупщинасының төрайымы Майя Гойкович Елбасы кітапханасының ғимаратында болды. Делегация құрамында Сербия Республикасы Халық Скупщинасының Экономика, аймақтық даму, сауда, туризм және энергетика комитетінің мүшелері, «Сербия-Қазақстан» ынтымақтастығы жөніндегі парламент аралық топтың мүшесі Драгомир Карич, Сербия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Владан Матич, сонымен қатар Қазақстандағы Сербия Республикасының елшілігі мен Халық Скупщина кабинетінің қызметкерлері бар.

Делегация мүшелері Президенттің Жеке кітапхана қорындағы Н. Ә. Назарбаевқа әр жылдары қолтаңбамен сыйға тартылған, сондай-ақ Елбасының Жеке кітапханасының (үй кітапханасының) кітаптарына ерекше қызығушылық танытты.

Сербия делегациясының басшысы Майя Гойкович Елбасы кітапханасының бай қорына тәнті болып, ұйымдастырылған экскурсияға алғысын білдірді. Өз сөзінде «Мен осында қалар едім!», – деп Майя Гойкович ағынан жарылды.

Кездесуден естелік ретінде делегация мүшелеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың қызметі жайлы кітап тарту етілді.