МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНКУРС ЖЕҢІМПАЗДАРЫНЫҢ ЕСІМДЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Назарбаев орталығының ғимаратында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылдануының 30 жылдығына арналған «Рәміздерім – мақтанышым» және «Мемлекеттік рәміздер – біздің киелі құндылығымыз» атты конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

2022 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Кітапханасы жариялаған  Нұр–Сұлтан қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 7-11 сынып оқушылары арасында «Рәміздерім-мақтанышым» ең үздік бейнеролик байқауы оқушылардың мемлекеттік рәміздер туралы білім деңгейін арттыруға және өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталған.

Дәл осы уақыт аралығында «Мемлекеттік рәміздер – біздің киелі құндылығымыз» атты үздік музей сабағы республикалық конкурсы да жарияланды. Оған мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және қосымша білім беру мекемелерінің, балалар мен жастардың қоғамдық ұйымдары мен жасөспірімдер клубтарының педагогтары, еліміздің жоғары оқу орындарының педагогикалық факультеттерінің студенттері қатысты.

Марапаттау рәсімін ашқан Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова: «Мен Тұңғыш Президент кітапханасының бастамаларына үн қосқан байқауға қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Бірінші кезекте қазақстандық өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, тәрбиелейтін және дамытатын, балаларға өз елі мен кіші отанына деген сүйіспеншіліктің құндылығы мен маңыздылығын жеткізетін педагогтарға ризашылығымды білдіремін. Сіздердің патриоттық рухтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді, өйткені тәрбиенің ең тиімді факторлары – мұғалімнің дүниетанымы, оның жеке басының үлгісі, көзқарастары, пікірлері, белсенді өмірлік ұстанымы. Қазіргі жағдайда бұл ерекше өзектілік пен маңыздылыққа ие болып отыр, өйткені нағыз патриоттарсыз жаңа Қазақстанның құру мүмкін емес», – деп атап өтті.

«Рәміздерім – мақтанышым» ең үздік бейнеролик байқауының жеңімпаздары № 71 және № 66 мектеп-лицейінің, № 68 мектеп-гимназиясының командалары болды. № 60 мектеп-лицейінің командасы «Материалды креативті жеткізе білгендігі үшін» арнайы номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтарды  «Дарынды балаларды және шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдерді қолдау қоры» ҚҚ басшысы Тимур Нұркешов табыс етті.

«Мемлекеттік рәміздер – біздің киелі құндылығымыз» үздік музей сабағына арналған республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғалиябану Кертаева қатысты.

Бас жүлдені Ж. Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Г. Нұркенов иеленді.

І орынды Шығыс қазақстан облысы Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлайым Жақыпова иеленді.

ІІ орын Солтүстік қазақстан облысы Саумалкөл ауылының «Колосок» балабақшасының тәрбиешісі Динара Әміржановаға берілді.

III орынды Қарағанды облысы Теміртау қаласы арнайы мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі Алма Терлікбаева және біріктірілген сабақты құрастырушылар – Павлодар облысы Екібастұз қаласының № 35 мектеп-гимназиясының педагогтары Нұрия Ахмедова, Нұргүл Сейітова және Елена Полякова бөлісті.

«Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы ғылыми-ізденіс шеберлігі үшін» номинациясы бойынша Атырау облысы Құрманғазы ауданы З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының педагогы Төлеген Сапуов марапатталды.