Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Елбасы кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Сервис және туризм колледжінің студенттеріне «Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Тәуелсіздігінің төлсипаты» тақырыбында онлайн-экскурсиясы ұйымдастырды. Тыңдаушылар «Zoom» қосымшасы арқылы бас қаладағы тарихи ғимарат – Тұңғыш Президенттің бұрынғы резиденциясында мемлекеттік рәміздердің эталоны орналасқан залдарын тамашалады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды. Сол сәттен бастап жыл сайын бұл күн Қазақстанның мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихын еске алады: «Рәміздер – мемлекеттіліктің атрибутикасы. Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш қуат талап етті. Ұзаққа созылған жұмыс менің белсенді қатысуыммен, 1992 жылдың жазында аяқталды».
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Елтаңба, ту, әнұран – тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз».
Тәуелсіздік таңында Қазақстанның алғашқы рәміздерін жасау жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Өткен байқау қазақстандық патриотизмнің жарқын айғағына айналып, финалға 245 жоба қатысты.
Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Көгілдір жалау – аспан мен судың түсі. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.
1956 жылы еліміздің «Менің Қазақстаным»патриоттық әні жазылды. Әнін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған. Елбасы әнге мемлекеттік мәртебе беру үшін туындының бастапқы нұсқасын өңдеді. Еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті бекітті. Н.Ә. Назарбаевтың қолжазбалары бар құжаттың түпнұсқасы оның жеке архивінде Елбасы кітапханасында сақталғанын атап өткен жөн.
Онлайн-экскурсия барысында Экскурсияқызметінің қызметкерлері еліміздің рәміздері мен олардың авторларына байланысты қызығушылық танытқан оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Экскурсияны ұйымдастырушылар атап өткендей, осындай іс-шараларды өткізу жастарды музей мәдениетіне баулуға, Қазақстан тарихы бойынша білімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.