Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің заңнамасы» тақырыбында дәріс жүргізілді. Оны Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердагулова оқыды.
Төтенше жағдайлар комитетінің 90 офицері мемлекеттік рәміздердің конституциялық және заңнамалық негіздерін ортаға салуда байрақтың, елтаңба мен әнұранның шығу тарихына қайта үңілді.
– Мемлекет тәуелсіздігінің нышанына айналған рәміздер егемендіктің ғана емес, ел арманы мен мұратының белгісі. Мұндай бейнелерде халықтың өзін қалай түйсінетіні айқын көрініс тапқан. Сондықтан да рәміздерге ұлттардың берер құрметі зор, мемлекеттердің берер мәртебесі – биік. Оларды қастерлеу адамзат үшін қалыпты жағдай болса, қолдану тәртібін сақтау да парыз, - дейді Сағынтай Кеңесқызы.
Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің өкілі ретінде ол тыңдаушыларды рәміздердің идеологиялық мәнімен таныстырып қана қоймай, заңнамалық ережелер мен шарт бұзудың жауапкершілігін атап өтті. Осы тұста ТЖК қызметкерлерінің назарына слайдтар мен бейнероликтер ұсынылды. Тыңдаушылар дәріскерге сауалдарын жолдап, тақырып аясында танымдық сұхбат құрды.

