Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған қаламы Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында сақталмақ. Тарихи жәдігерді бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков Кітапхана директорының орынбасары Күлайша Ақтаеваға табыстады. «Бұл Елбасы кітапханасы музейінің құнды жәдігеріне айналып, лайықты орын алатынына сенімдімін», - деді Махмұд Базарқұлұлы.

10 наурыз күні Елбасы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жариялы түрде қол қойды. «Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам. Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады. Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Конституциялық өзгерістерге қол қою барысында.

Өмірге жолдама алған құжат қазақстандық қоғамдағы маңызды демократиялық өзгерістерге жол ашпақ.