МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ОНЛАЙН-КВЕСТКЕ ҚАТЫСТЫ

Бүгін Ақмола облысы Қоянды ауылы № 2 орта мектебінің 7-сынып оқушылары Елбасы кітапханасының музейінде онлайн-квестке қатысты. Ойынның жаңа форматын балалар қатты ұнатты. Квест ойы ұшқыр, тапқыр қатысушыларды анықтады.

         Онлайн-квестке қатысуға қарапайым смартфонның өзі жарайды. Тапсырмалар сайыскерлерге арнайы ойын жүйесі арқылы беріледі. Балалар бұл жүйенің қосымша көмегіне сүйеніп, бағдар ала алады.

«Ойын үш айналымнан құрылған. Бірінші айналымда оқушылар Қазақстандағы олимпиада қозғалысына қатысты сұрақтарға жауап іздесе, «Өз жеріңді сүй және біл» атты екінші айналымда ел тарихына, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты білімін көрсетті. Үшінші айналым Қазақстан тәуелсіздігіне арналған. Балалар тарихи оқиғаларды еске түсіріп, тез және дұрыс жауап беруі тиіс болды. Мәселен, балалар 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен спорт сайысындағы жерлестеріміздің жетістіктері туралы біледі екен. Қазіргі Токио олимпиадасына қатысты білімімен де таң қалдырды. Оқушылардың топтық ойынға әбден дайындалғаны сезіледі, - деді Экскурсия қызметінің сарапшысы Ботагөз Аяпбергенова.

Ойын ережесі де, қорытындысы да әділ: бес тапсырманы толық дұрыс орындаған қатысушының аты-жөні, жинаған ұпайы, жауап табуға жұмсаған уақыты компьютер мониторында көрсетіледі.

Жетінші сынып оқушысы Аружан Қайратқызы онлайн-квесттен алған әсерімен бөлісе отырып, ойынға тағы қатысуға ниет білдірді:

«Анимация арқылы жұмбақ жасырған сұрақтардың мазмұны қызық. Оларға жауап іздеу өте ұнады. Ал бірінші болып дұрыс жауап беру – одан да ұнамдырақ. Бәріміз белсене атсалыстық. Онлайн-квестке әлі талай қатысуға дайынмын», - деді ол.