МӘДЕНИЕТ АРҚЫЛЫ ҮНҚАТЫСУ. БЕЛОРУС ЖӘНЕ ШЫҒЫС СЛАВЯН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ КІТАП БАСПА ӨНЕРІНІҢ 500 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ

2017 жылдың  26 желтоқсанында тұңғыш белорус баспагері Франциск Скоринаның қолжазба басылымдар жинағын Елбасы кітапханасына сыйға тарту рәсімі өтті. Іс-шара Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасының аясында Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Бұл рәсім Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына арналған іс-шараларды жалғастырады.

Елбасы кітапханасы жинағының маңызды бөлігі 30 мың сақтам бірлігіне жуық кітаптар коллекциясы болып табылады. Олардың негізін Н. Ә. Назарбаевтың жеке кітапханасы құрайды. Кітаптар қоры сыйға тарту қолтаңбалары бар ерекше библиографиялық және сирек кездесетін бағалы туындылармен тұрақты толығып тұрады.

Рәсімнің ашылуында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

− 2017 жыл айтулы күндерге толы болды. Олардың барлығы екі елдің тәуелсіздік алуымен, мықты бауырмалдық қатынастарымен байланысты болды. Жақында ғана Музей ғимаратында Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына арналған көрмені аштық. Біздің жинаққа берілген тұңғыш белорус баспагерінің қайта басып шығарылған қолжазба еңбектері – екі елдің халықтары арасындағы түсіністік пен өзара қалыптасқан жан-жақты ынтымақтастықты сипаттайтын құнды тарту екені сөзсіз. Жуырдағы Елбасының Беларусь еліне ресми сапары мұны нақтылай түсті.

Кітаптар жинағы Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасынан жеткізілді. 2017 жылы Беларусь Республикасы және бүкіл әлемдік қауымдастық айтулы мереке – белорус және шығыс славян халықтарының кітап баспа өнерінің 500 жылдығын тойлауда. Бұл мерейтойдың әлемдік мәдениетте ерекше маңызы бар, сол себепті ЮНЕСКО-ның Айтулы күндер күнтізбесіне енгізілген.

Назарбаев университеті кітапханасының бас менеджері Петр Лапо өз баяндамасында ұлттық мәдениет пен тарихты сақтаудың маңыздылығын айтып өтті:

500 жыл бұрын жарық көрген қолжазба кітап басылымын берудің бүгінгі күні маңызды болуының сыры неде? Себебі тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін бағалайтын халқы барда тәуелсіздіктің мәні болады. Ал халық өзінің тарихы мен мәдениетін қалыптастырады, бірінші кезекте халықтың тілін, оның ауызша және баспа сөзін, мәдени мұрасын анықтайды.

Осы мерекенің аясында Франциск Скоринаның кітап мұрасының қолжазба басылымдарын қайта басып шығару бойынша халықаралық ғылыми баспа жобасы аяқталды.

Жоба 2013 жылы Беларусия ұлттық кітапханасы мен «БелВЭБ» банкі Франциск Скоринаның кітап мұрасының қолжазба басылымдары бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойғаннан басталған. Бес жыл ішінде жобаның бастамашылары бар күштері мен мүмкіндіктерін жұмылдырып, Франциск Скоринаның бүкіл әлемге тарап кеткен кітаптарының электрондық көшірмесін жинап, көптомдық қолжазбалық басылым түрінде қайта шығару мақсаттарына қол жеткізді. Нәтижесінде осы жылы көптомдық қолжазба толық жинақталды. Франциск Скоринаның 1517–1519 жылдары Прагада, 1522–1525 жылдары Вильнода басылып шыққан барлық кітаптар жинағын бір басылымға жинауға мүмкіндік туды.

Қазіргі таңда әлемге шығыс славян тұңғыш баспагерін таныстырған Беларусь елінде Ф. Скорина басылымдарының бір бөлігі ғана сақталған. Белорус ағартушысының дүниежүзі бойынша барлығы 520-ға жуық басылымдары сақталған, олар Ұлыбритания, Германия, Дания, Литва, Польша, Словения, Ресей, АҚШ және Украинаның кітапхана, музей және мұрағаттарында жинақталған.

Жобаны жүзеге асыру Беларусь қайта өрлеу дәуірінің жарқын өкілі, белорус және шығыс славян тұңғыш баспагерінің шығармашылығына ғылыми зерттеу жүргізіп, Ф.Скоринаның кітап мұрасын ғылыми айналымға қайта енгізуге мүмкіндік берді.

Кітаптардың қолжазба басылымдары қалың жұртшылыққа белорус халқының мәдени мұрасының құнды бөлігін ұсынады және тарихи, филологиялық, мәдениеттанушылық, кітаптанушылық зеттеулер үшін алғашқы дереккөз болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жуырдағы Беларусь Республикасына ресми сапары барысында дамыған екі ел арасындағы жоғары ынтымақтастық қатынастар деңгейінің бағыттары кеңіп, мәдени-гуманитарлық байланыстар тереңдей түсті. Оның айғағы ретінде салтанатты рәсімге елорданың қалың жұртшылығының өкілдері шақырылды.