Делегация Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, оның Астана қаласындағы басқармасы өкілдерінен құралды. Отандық мамандар 28 қаңтар-8 ақпан аралығында АҚШ мұрағаттардың техникалық дамуымен жете танысты. Жұмыс сапары аясында Вашингтон, Нью-Йорк, Чикаго және Бостон іспетті алып шаһарлардағы 10-нан астам рухани орданың жүйесі екшеленді. Олардың арасында АҚШ Конгресінің кітапханасы, Президенттік кітапханалар мен мұрағаттар басқармасы, Америкалық кітапхана қауымдастығы, Аэронавтика және космонавтика мұражайы, Чикагоның тарихи мұражайы, көпшілік кітапханалар, АҚШ Сенатының Э. М. Кеннеди атындағы институты бар. Қазақстандықтар шетелдік әріптестерінің тәжірибесін зерделеп, тарихи құжаттардың сақтаудың технологиясына үңілді.
– Қос мұхиттың арасында көсілген АҚШ географиялық тұрғыдан Қазақстаннан шалғай орналасқанымен, рухани ордалардың жұмысында ортақ нәрсе көп. Олар да барлық басылымдар мен қолжазбаларды, бейнематериалдарды сандық тасымалдағыштарға көшіруге кіріскен. Барлық нысандарда электрондық жүйе ендірілген. Мәселен, АҚШ Конгресі кітапханасында кітаптарды сканерлеу тәртібімен және қоймалардың жұмысымен таныстық. Онда АҚШ президенттерінің қолтаңбасы сақталған. Электрондық кітапханада қазақстандық қаламгерлердің туындылары да бар. Еліміздің тарихы мен мәдениетін арқау еткен 20 мыңнан астам басылыммен танысуға мүмкіндік бар. АҚШ рухани ордалардың жұмыс аясы тарихи тұлғаның мұрасын сақтаумен шектелмейді. Жастарға арналған танымдық, ағартушылық жобалар көп. Мамандармен тілдесіп, біздің бағыт-бағдарларымыз ұқсас екендігіне көз жеткіздік. Келешекте «байланыс көпірін» нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға уағдаластық. Оның арқасында жұмысты жетілдіруге, соны құрылғылар мен жаңашылдықтарды ендіруге жол ашылады, - деп өзінің пікірімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков бөлісті.
Бүгінде АҚШ-та 13 президенттік кітапхана қызмет етсе, 14-сі Барак Обаманың есімін иеленбек. Қазақстандық делегация өкілдері үшін АҚШ-тың 35-ші президенті Д.Ф. Кеннедидің президенттік кітапхана-мұражайының есігі айқара ашылды. Отандық мамандар нысанның заманауи жабдықталуына, соны технологиялық жетістіктердің кеңінен кәдеге жаратылуына тәнті болған.
– Мені АҚШ-тағы рухани ордаларда барлық материалдарды тіркеудің және жүйелеудің бірыңғай электрондық жүйесі қалыптасқаны таңқалдырды. Барлығы орталықтандырылған. Сәйкесінше кітапхана, мұрағат құжаттары мен басылымдары федералды деңгейде қолжетімді. Енді олар электрондық құжаттардың қауіпсіздігін сақтауды шешуге бел буған. Сондықтан шетелдік әріптестерден қорды технологиялық тұрғыдан нығайту бойынша ойға тоқитынымыз мол, - деп өзінің әсерін Кітапхана жұмысы қызметінің басшысы Сандуғаш Әбсәдірова жайып салды.
АҚШ-та жеке кітапханалар кең етек жайған. Олардың тарихы тамыры тереңге бойлайды. «Boston Athenaeum» жеке кітапханасының іргетасы 1807 жылы қаланған. Рухани азық көпшіліктің сұранысына ие. Оқырмандардың қатары қалың. Қарапайым тұрғындар рухани ордалардың жұмысына бей-жай қарамай, оны дамытуға атсалысады.

– АҚШ-та еріктілік жан-жақты дамыған. Ниет білдіргендер мәдени мекемелердің жұмысына тегін қолғабыс етеді. Мәселен, бізге кітапханалардың бірінде экскурсияны зейнеткер жүргізді. Халықтың азаматтық белсенділігі, мәдени мұраны дәріптеуге қызығушылығы жоғары, - деп атап өтті Сандуғаш Хамитқызы.
АҚШ-қа сапар қос мемлекеттік мәдени ынтымақтастығын нығайтуға жол ашты.


