МӘДЕНИ МҰРА. ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПТАР ТОПТАМАСЫНДАҒЫ ҒАСЫР ДАНАЛЫҚТАРЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі «Қасиетті Құрандар» көрмесі жалғасуда. Көрмеге мұсылмандардың қасиетті кітабы басылымының ерекше топтамасынан араб тіліндегі және де қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған 55 үлгісі ұсынылған.

Кітаптардың басым бөлігін Н. Ә. Назарбаевқа шет мемлекеттердің өкілдері дипломатиялық сый ретінде тарту еткен. Әрбір кітаптың рәсімделуі зергерлік, көркемдік және каллиграфиялық жағымен ерекшеленеді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева «Қасиетті Құрандар» көрмесі кітаптар топтамасының айрықша бөлігі болғандықтан Елбасы кітапханасы үшін дәстүрлі екенін атап өтті.

– Бұл Елбасы кітапханасының қорындағы ең ауқымды, салиқалы әрі мазмұнды кітап топтамасының бірі. Көрменің ерекшелігі ретінде мұрағат және музей қорынан алынған бұйымдар, видеоқұжаттармен толыға түскенін айтар едім. Осы көрмеде бұған дейін құндылығына байланысты экспозицияға қойылмаған Құранның қолмен жазылған айрықша үлгісі алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл Құран кітабы өте маңызды әрі сирек ұшырасатын бағалы туынды болып табылады.

Экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру қызметінің жетекші сарапшысы Жанар Ахметова 1876 жылы басылып шыққан Құран кітабына назар аудартады. Орыс және француз тілдеріне Польша жеріне қоныс тепкен М. Казимирский аударған. Бұл – өте ерекше басылым.

– Сонымен қатар, 2005 жылы Қазан қаласының мыңжылдығына орай Мемлекет басшысына сыйға берілген Құран кітабын ерекше айтып өткім келеді. Бұл 1803 жылғы Құран кітабының Қазан қаласынан шыққан тұңғыш басылымының қайта өңделген үлгісі. 

Басылымның бұл данасы Н.Ә. Назарбаевқа арнайы басылып шығарылған, оны алғашқы бетіндегі жазудан көруге болады.

Музейге келушілердің ерекше қызығушылығын  «Мир» халықаралық ғарыш стансасынан ғарышқа барып келген соң ғарышкер Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысына тарту еткен Құран кітабы тудырды