МАЖАРСТАН БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА КЕЛДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына Мажарстан елінің өкілдері келді. Күні кеше өткен сайлауды халықаралық стандартқа сай бақылауға алған шетелдік азаматтар Егемен Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеу жолын паш еткен музейді аралады.

Экскурсия алдында Мажарстан еліндегі «Magyar Nemzet» басылымының тілшісі Антон Бендарзевски Қазақстан астанасының адам танымастай өзгергендігін айтып, әлі күнге дейін қала сұлулығының ерекше әсерінің ықпалынан шыға алмай жүргенін жасырмады.

«Шынымды айтсам, мұндай прогресті көрем деп ойламадым. Неткен сұлу қала, халқы қандай қонақжай деп таңдай қағып отырмын. Нұр-Сұлтан қаласын құдды Дубай дер едім. Мұнда өткізген әрбір күніміз тез жылжып жатыр. Неге десеңіз, сәулеті келіскен, биік-биік ғимараттарды соңғы рет қашан көргеніміз есімізде жоқ», – дейді А.Бендарзевски  

Елбасы кітапханасы музейіндегі экспонаттар қонақтарды ерекше толғандырды. Әрбір тақтайша мен қабырғаға ілінген интерактивті экрандарға зер салып, оның мазмұнын білуге құмартты. Елорданың қалыптасу жолы Мажарстан өкілдерін тебірентпей қоймады. Қонақтар бар-жоғы 30 жылда жан-жақты дамыған, халықаралық аренада өзін мойындатқан елдің негізін салған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегіне таңданыспен қарады. Әсіресе, Даңқ галереясындағы Елбасының халықаралық наградалар мен сертификаттары шетелдік тілшілердің қызығушылығын арттыра түсті.

«Бар заман талабына сай мынандай музей бізді ерекше күйге түсіріп отыр. Технологиялардың озық құралдарын тиімді қолданып қана қоймай, экскурсияның мазмұндық түр-тұрпатын да әдемі келістіре білген екенсіздер. Бұған дейін бізге беймәлім болған көптеген қызықты мағұлматтармен қанығып, қазақ еліне бір табан жақындай түстік. Әр залдағы ақпараттық көрсетілім батыр, санасы кең ұрпақ тәрбиелеуге сеп болатындығына күмәнім жоқ. Сіздерден үйренеріміз көп екен. Қазақстан жұртшылығына табыс тілеймін», - деді ол.

Экскурсия соңында қонақтар Елбасы кітапханасы музейіне алғыстарын білдіріп, өз елдеріне қонаққа шақырды.