2017 жылдың 4, 6 қарашасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Елбасы кітапханасының жанындағы «Ақиқат» дебат клубының ұйымдастыруымен колледж студенттері арасында қалалық дебат турнирі өтті.

«Ақиқат» дебат клубы жастардың бойында шешендік өнерді, лидерлік қасиеттерді, ұйымдастыру қабілетін дамытуға бағытталған және тұлғаның рухани жетілуіне ықпал ететін бірлестік болып табылады. Клуб өз қызметінде Елбасы кітапханасының Ғылыми-білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында заманауи өзекті мәселелерді қарастырады.

Турнирдің бірінші күні Политехникалық колледжде Астана қаласының 20 командасының қатысуымен өтті. Сайысты әртүрлі жоғарғы оқу орындары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, республикалық және қалалық деңгейдегі дебат турнирлерінің тәжірибелі төрешілері бағалады. Қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару, жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетті сақтау, саясаттағы әйелдердің рөлі, білім беру жүйесін реформалау тақырыптарын талқылқыға салды.
Алдын ала іріктеу барысында 4 команда – «Даму» командасы академик Г. Сейтқасымов атындағы индустриалды-экономикалық колледжі, «Болашақ» командасы Энергетика және байланыс колледжі, Политехникалық колледжінің «Парасат-1» және «Парасат-2» командалары финалға шықты.

6 қараша күні Назарбаев орталығында қалалық турнирдің финалы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогын Энергетика және байланыс колледжінің студенттерінен құралған «Болашақ» командасы жеңіп алды. «Даналық» колледжінің студенті Жанат Бибіжамал турнирдің «Үздік спикері» аталымымен марапатталды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Фархат Қаналы «Үздік төреші» атанды. Политехникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сания Досман турнирдің «Үздік жаттықтырушысы» атанды.
Осы күндері зияткерлердің арасында күрделі талас өтті. Командалар саясат, экономика салалары мен қазіргі уақыттағы әлеуметтік мәселелер аясындағы терең білімдерін көрсетті. Турнир қонақтары мен қатысушыларының пікірінше мұндай іс-шаралардың өткізілуі жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырады, студенттерді қоғамдық белсенділікке машықтандырады, олардың лидерлік қасиеттері мен шешендік қабілеттерін дамытады әрі дебат қозғалысын насихаттауға жол ашады.
ф