«Егемен Қазақстан» газеті, 2019 жылғы 28 тамыз
Қазақ халқы үшін 29 тамыз екі тарихи оқиғамен тығыз байланысты. Бірі халқымызға қасірет әкелген – осыдан тура 70 жыл бұрын 1949 жылғы 29 тамызда қуаты 22 килотонна болатын атом бомбасы жарылып, ұлтымыздың ардақтыларын дүниеге әкелген қасиетті Семей топырағының уланған, Семеймен қатар көршілес Павлодар, Қарағанды өңірі тұрғындарының да сынақ зардабынан жапа шегуінің басталуы болса, екінші оқиға – Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың туған халқының алдында азаматтық парызын орындап, мәскеулік биліктің саясатына кереғар шешім – Семей полигонын біржолата жабу туралы Жарлықты 1991 жылғы 29 тамызда қабылдаған күні. Кейін, 2009 жылдың желтоқсанында Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы қарар қабылдап, 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітті.
Өткен ғасырда қазақ халқының тағдыры бірнеше рет ауыр сынаққа түсті. 30-40-ыншы жылдары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асырылған советтік саяси науқанның арты аштыққа ұласып, халқымыздың бір бөлігі Қытай, Түркия асып, бір бөлігі көршілес Орта Азия мемлекеттеріне үдере көшіп, тарыдай шашылды. Сондай-ақ, жаппай саяси қуғын-сүргін де миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері осы зобалаңның құрбандары болды.
Оның үстіне 1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы да қазақ халқының қабырғасын қайыстырып жіберді. Жеңіске жеткен кеңес халқының құрамындағы Қазақ Социалистік Республикасының қуанышы ұзаққа созылмады. 1945 жылы Америка Құрама Штаттары тарапынан фашизмге қарсы соғыс деген желеумен, ал іс жүзінде адамзатқа қарсы жасалған ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылатын және басқа халықтар мен мемлекеттерді қорқыту мақсатын көздеген әрекет жасалды: 6 тамызда Жапонияның Хиросима қаласына, 9 тамызда Нагасаки қаласына атом бомбалары тасталды. Нәтижесінде екі қала қирап, Хиросимада 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапса, Нагасакиде 75 мыңдай адам қаза тапты, жараланды.
АҚШ-тың жоғарыдағы әрекетіне жауап ретінде Сталин басқарған Кеңестік Одақ 1946 жылдан бастап ядролық қару әзірлеуге кірісіп кетті. 1947 жылғы 21 тамызда И.В.Курчатовтың ұсынысымен КСРО үкіметінің қаулысымен сынақ өткізу мақсатында Семей аумағының 18 мың шаршы километрдей жері бөлінді. Бір өкініштісі, ғылыми жетістіктері адамзатқа, оның ішінде қазақ жеріне қасірет әкелген Курчатовтың есімімен Қазақстан қаласы бүгінгі күнге дейін аталып келсе, 1953 жылғы 12 тамызда Семей полигонында жарылған қуаты 480 килотонналық сутегі бомбасын ойлап тапқан Андрей Сахаровқа Нобель сыйлығының берілуі.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» - деген данышпан Абай өсиеті менің де ұстанатын өмірлік қағидам, санама сіңірген терең танымым» ұстанымын бойына серік еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Бейбітшілік кіндігі» кітабында қасиетті Семей жерін былай суреттейді: «Ежелгі Шыңғыс даласы. Қазақ ұлтының ар-ожданына айналған алыптарды əлдилеген дала... Ұлы Абай, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Əуезов. Заманында шекара мен қашықтық дегенді білмеген дала кемеңгерлігі мен адамзат рухының кіндігі болған жер. Біздің мемлекеттігіміздің бір бастауы осы арада. Абылай хан билеген даланың бір пұшпағы да осында... Дегелең мен Жаңғызтау жоталары, бір жерлерде тау деп те аталатын төбешіктер. Қатпар-қатпар Шыңғыс тауларына төбеден қарайтын Хан шыңы. Көшпелі өмірдің бар құпиясы мен Еуразияның ұлан-байтақ кеңістігінде əлдеқашан болған оқиғалар сілемін бауырына басқан Жер. Жанында жұмбақ Алтай мен ежелгі Баянауыл».

«Бейбітшілік кіндігін» одан әрі оқысақ автор алғашқы сынақ туралы жан-тебіренісін былай жеткізеді: «1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қомағай қадалып, оны шарпып өтті де, дəл бір Күн орнына күн болғысы келгендей аспанға көтеріле берді. Жер оқыстан қатты ауырсынып, шыңғырып жіберді. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарықтырар сəуле бас айналдырып жібергендей бір сəтте жалмаған жер қабағының ыстық күлі мен иісі көкке көтеріле берді. Жер лыпасының өртең исі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел əп-сəтте жан-жаққа таратып, көз көріп, қүлақ естімеген, аяуды білмейтін жау жақындап қалғанын жеткізгендей болды. Орасан зор, бірақ көзге көрінбейтін сыпырғы естен танған тіршілік иелері мен ештеңені түсінбеген өсімдікті жер бетінен бір демде жұлып алып, талай-талай шақырымға серпіп тастағандай еді. Ертегінің сұмдық Айдаһары жер қойнауынан кенет шығып, оның денесін орасан от тілімен жалмап кеткендей еді».
Осы күннен бастап, ресми мәліметтерге сәйкес 1949 – 1989 жылдар аралығында Семей полигонында 456 ядролық сынақ жүргізіліп, 1,5 миллионнан астам қазақстандық зардап шегіпті, қазір де түрлі ауытқушылықтар байқалады. 456 ядролық сынақтың 116-сы жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды, осы жарылыстар қуаты жағынан Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болған екен. Мұндай жарылыстар 1962 жылға дейін, яғни он үш жыл бойы орын алды. Ал, келесі жиырма жеті жыл бойы өткізілген 340 жерасты жарылыстардың да өңірдің экологиялық аһуалына орасан зор зияны тиді: бір кездері жартастардан құралған Дегелең тауы іс жүзінде киыршық тас үйіндісіне айналды. Жер астындағы əрбір үшінші жарылыстан соң пайда болған жарықтар мен саңылаулардан адам өміріне өте зиян радиоактивті газ шығып жатты.
Жоғарыда аталған зұлмат кезеңдерден рухы жасып қалған халықтың да, сол кездегі басшылардың да әскери мақсаттағы сынақтарға қарсы тұруға шамалары жоқ еді. Н.Ә.Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» кітабындағы мына сөздер сол кездегі күрделі жағдайды айғақтай түседі: «Заман қиын болатын. Жарылыстан жер сілкінгенін сезінгенде немесе тіпті шайдай ашық күні екінші Күнді көргенде де ешкім ашу-ыза білдіре қойған жоқ. Ереуілдер, наразылықтар туралы əңгіме болуы да мүмкін емес-тін. Бас асауларды бас білдірудің сүйікті құралы психиатриялық емханалар болды. Бұрынғы КСРО-ның басшылары сынақтар өткізгенде сол кездегі Қазақстанның халқы түгілі, бюрократиялық билік тобымен де ақылдасқан жоқ. Өйткені, Қазақстан КСР-інің басшылары жұмысқа орталықта тағайындалып, сонда орнынан алынатын. Мəскеу бұйрығын қалт етпеу мансаптан айырылмаудың бірден-бір жолы болатын. Қойдың бауыздалар шағында да үн шығармауы дегеніңіз осы ғой».
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев 1957 жылы Жапонияның астанасында өткен атом жəне сутегі бомбасына тыйым салу жолындағы халықаралық конференцияда Мұхтар Əуезовтің кіндік қаны тамған ежелгі Семей жеріне атом полигонымен ілесе келген қасірет туралы, түсініксіз сырқаттардан баз кешкен адамдар мен мутанттар туған жүздеген аналар туралы толғанғанын да айтады.
Сол кезеңде ешкімнің қолынан келмеген әлемдегі екі алпауыт елдің «қырғи-қабақ» соғысы аясындағы текетірестің құрбанына айналған Семей қасіретіне араша түсу Теміртауда құрыштай шынығып, облыстық, республикалық деңгейдегі басшылық қызметтерде тәжірибе жинаған, жаңашыл, қазақтың бағына туған азамат Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығының арқасында мүмкін болды.

Халық арасында «қаңғып келген шүрегей» атанған республиканың бірінші басшысы Колбиннің ел тағдырына бейжайлығын бұрыннан білетін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, 1989 жылғы 30 мамыр күні өткен Кеңес Одағының ең жоғары заң шығарушы органы – Жоғарғы Кеңес сессиясының мінберінен мәскеулік билікке қаймана қазақтың мұңына айналған Семей ядролық сынақ полигоны туралы сұрақты төтесінен қойды. Н.Ә.Назарбаев халық депутаттарының, əсіресе залдың төрттен бірін құрайтын əскери киімді депутаттардың алдында былай деді: «1949 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, жарылыстарды əуелі жер бетінде бастаған Семей ядролық полигоны туралы айтқым келеді. Сол кезден бері төңіректегі жұрт саны төрт есе өсті. Бірақ əскерилер бізді сынақтар адам денсаулығына тіпті пайдалы-мыс деп сендіргісі келеді. Біз мұның бүгінде мемлекеттік қажеттілік екенін білеміз. Бірақ атом жарылыстарының айналадағы ортаға əсерін шындап терең талдау, бұл туралы жұртқа айтып беру керек қой. Сол жерлерде күн кешетіндердің өмірін жақсартуға жұмсау қажет біршама шығынды айтпағанның өзінде...».
Дегенмен, сірескен сең бірден бұзыла қоймады. Керісінше, баяндамадан кейін, үзіліс кезінде Н.Ә.Назарбаевқа «елдің ең басты стратегиялық объектісіне қастандық жасады, державаның қорғаныс қабілетін бүлдірді» дегенге дейін ауыр айып тағылып үлгерді. «... Әскерилер жер қойнауындағы ядролық сынақтардың жұртқа зияны жоқтығын дəлелдеумен болды. КСРО-ның ең жоғары генералитетіне сынақтарға тыйым салып, Семей полигонын жабу перспективасы анық бір қорқынышты түсте ғана көрінуі мүмкін еді...», - деп еске алады Н.Ә.Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігі мұнымен тоқталған жоқ. 1989 жылы құрылған əлемге танымал ақын, əрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыстың, «Əлем дəрігерлері ядролық соғысқа жол бермеу жолында», жастардың «Next Stop» жəне басқа да қоғамдық қозғалыстардың қолдаушысы Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Ол бұл туралы былай дейді: «... жұртшылықтың, əсіресе белсенділердің əрекеттері менің тарапымнан қолдау тауып отырды. Əрине республикалық басшылық тарапынан мұндай қолдау болмаса, белсенділердің əрекеттері КГБ-інің екі-үш қарапайым акцияларынан кейін оп-оңай тыйылар еді...».
Жоғарыда аталғандай, «қайта құру» жылдары экономикалық жағдай нашарлағанымен Кеңестік Одақтың қисапсыз бюрократиялық жəне күштік құрылымдарының, əскери-өнеркəсіп кешенінің дəурені әлі де жүріп тұрған болатын. 1989 жылғы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы, кейін 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті болып сайланғаннан кейін де жас басшы Н.Ә. Назарбаевтың Семей сынақ полигонын тоқтату туралы орталықпен жүргізілген келіссөздері қиындықтарға толы болды. Ол «Бейбітшілік кіндігі» кітабында былай деп жазады: «... Əрине қысымның барлық салмағы Қазақстан Президентіне түсетін. Мəскеуге апта сайынғы: бірде əскери-өнеркəсіптік кешенінің кураторы, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы О.Баклановқа, екінші жолы үкімет төрағасы Н.Рыжковқа, ақыр аяғында М.Горбачевтың өзіне жасалған сапарларым есімде. Бəрінің де талабы біреу ғана: жұртқа басалқы айт, олар сені тыңдайды дейді. Ал жалпы алғанда, əлде бірдеңені жетілдіру үшін елге бас-аяғы үш, əрі кетсе бес жыл керек дейді. Аймаққа қаржымен көмектесеміз дейді, басқа да бірдеңелерді айтады. Кейбір өркөкіректер тарапынан қоқан-лоқы да естіліп қалады».
Осындай күрделі жағдайда Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаев республиканың әлі де Одаққа бағынысты болуына қарамай туған халқымен, Семей қасіретін басынан кешіп жатқан отандастарымен бірге болды.
Бірақ, «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, елімізде Семей ядролық сынақ полигонын жабуға қарсылар, яғни ядролық статусты сақтау керек деген «кеудемсоқ көсемдер» пайда болған еді. Нұрсұлтан Назарбаев оларға қарсы уәж ретінде мынадай жауап қайтарды:
«Біріншіден, ядролық статустың болуы Еуразияда, əсіресе оның орталық бөлігінде жанжал əлеуетінің күшейе түсуі үшін жеткілікті шарт болып табылады...
Екіншіден, ядролық қару иелену сыртқы кірігу процесін дамытуға тіпті де түрткі бола алмайды... Өйткені, біздің ядролық кеудемсоқтығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына да, əлемнің бəрі дерлік елдері қол қойған ядролық қаруды таратпау туралы шартқа да тұп-тура кереғар болып шығар еді...
Үшіншіден, иелену жаңа сапаға сөзсіз жетелейді. Əлбетте, біздің ел ықтимал жау жəне тұрақты əскери қатердің көзі ретінде ядролық қаруы бар жəне жоқ державалардың барлық стратегиялық жоспарларының нысанасына айналар еді. Мұндай жағдайда бізді өзінің ықтимал дұшпаны деп санайтын державалардың жауынгерлік вахтадағы ядролық боеголовкалары бар зымырандары біздің аумағымызға, біздің қалаларымызға ылғи да кезеніп тұратынын аңғару тіпті де қиын емес...
Төртіншіден, негізсіз ядролық статус Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартта жарияланған иеленбеу, таратпау жене орналастырмау принциптерін анық көзге ілмеу салдарынан əлем жұртшылығының қырын көзқарасы мен халықаралық оқшаулауға ұшыратар еді...».
Семей сынақ полигонын біржолата жабуға бекем бел буған Н.Ә.Назарбаев «сынақ полигонының жабылуына қарсы топ» туралы таңданысын да жасырмады: «... шынымды айтсам, біздің кейбір қазақстандық «қырғиларға» Қазақстан мен қазақстандық халық болашағы үшін ядролық жолдың барша жамандығын кейде түсіндіру қажеттігі туындауы таңғаларлық нəрсе еді. Парасат пен оқиға қисынына кереғар келетін сол жол тар жол, тайғақ кешуден өткен Қазақстан жерінде адамзаттың барлық үміттерінің күйреуіне жетелейтін тажалды қаруды қалдырса, Қазақстанға саяси, экономикалық, экологиялық жəне азаматтық қандай алапат қардай борайтынын елестетудің өзі қиын».
Сонымен қатар, осынау күрделі таңдау алдында тәуелсіздігін реми түрде әлі жариялап үлгермеген жас Қазақстанға «ядролық қарудан бас тартпасаң, барлық жағынан жарылқаймын» деп, елімізді «исламдық ядролық мемлекетке» айналдырғысы келген шетел эмиссарлары да Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөз жүргізу мақсатында келгіштеген болатын.
Жоғарыда аталған «шақырылмаған қонақтар» позициясына қарама-қайшы оң кездесулер де болды: аты тірі аңызға айналған Маргарет Тэтчермен кездесуі туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай дейді: «Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім. Ал негізгі келіссөз процесі әлі алда еді, сондықтан картаны алдын-ала ашып тастауға да болмайтын. Дегенмен мен Тэтчермен барынша ашық сөйлесуге шешім қабылдадым және өз көзқарасымды барынша нақты білдірдім. Қазақстан қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қарайды, бірақ бізге ядролық мемлекеттердің кепілі қажет еді, сонымен бірге елеулі инвестицияға есеп жасап отырғанбыз. Онсыз біз нақты келіссөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кездесудегі сол ойлы да қатаң көзқарас есімде жақсы сақталыпты. Өзіңді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болатын. Алайда біздің сөзімізде ешқандай жасырын астар болған жоқ. Тэтчер менің ашықтығымды жоғары бағалады».
Осылайша, Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жылғы 29 тамыз күні Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Уақыт өте Н.Ә.Назарбаев бұл туралы былай пайымдайды: «Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту – тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген алғашқы игілігі болды».
Осы шешім арқылы Қазақстанның барлық мәселесі шешілді деп айтуға әлі ерте еді. 1991 жылдың соңында республика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Сынақ полигоны жабылғанмен осындай көлемдегі қару-жарақтың әлі де Қазақстан аумағында болуы бейбіт жолды таңдаған жас мемлекетімізге әлемдік қауымдастықтың толық сеніміне ие болуға үлкен кедергі еді. Яғни, әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйінде тұрған.
Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген Н.Ә.Назарбаевтың М.Тэтчермен кездесуінде көтерілген басты мәселе - Қазақстан үшін ядролық мемлекеттердің кепілі де қажет еді.
Тәуелсіз Қазақстан Тұңғыш Президентінің сындарлы сыртқы саясатының арқасында ел алдындағы жоғарыда аталған аса күрделі міндеттерді – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей бес жыл ішінде толықтай шешті. Атап айтқанда, 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Кейін, Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай ядролық мемлекеттері берді. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдіретін. Ал, 1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды, ел аумағынан сыртқа әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік миссиясы тәуелсіздік алғанына әлі бір жыл толмаған Қазақстанның атынан 1992 жылғы 5 қазанда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы ұсынысымен жалғасты. Елбасымыздың әлемдік қауымдастық тарапынан толық қолдау тапқан осы қадамының маңыздылығын тәуелсіздік жылдары Сыртқы істер министрі ретінде еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асыруда Н.Ә.Назарбаевтың сенімді серігі болған, 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздері дәделдей түседі: «Азиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің негізін салу туралы идеяны 70-шы жылдардың басында Кеңес басшысы Л.Брежнев Нью-Делиге сапарында ұсынғанын атап өту маңызды. Бірақ, сол кезде КСРО-ның бастамасы Қытай мен АҚШ-тың қарсылығына байланысты аяқсыз қалған еді. Ал, Президент Н.Назарбаевтың бастамасы барша Азия мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. Неліктен бұлай болды?
Біріншіден, азиялық қауіпсіздікті нығайту туралы ұсынысты жаһандық көшбасшылыққа ұмытылмайтын жас мемлекеттің беделді басшысы жасады.
Екіншіден, Қазақстан сол кезде-ақ алдын ала шарттар мен ескертпелерсіз ядролық мемлекет мәртебесінен бас тартып, Ядролық қаратпау жөніндегі Шартқа қосылды, ал, Президентіміз Кеңес уақытында өз жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан болатын, бұл әлемдік тәжірибедегі ең алғашқы және соңғы жағдай болып табылады.
Үшіншіден, бастаманы Орталық Азия аймағында маңызды рөлге ие, өзінің халықаралық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын мемлекет ұсынды.
Төртіншіден, бастама БҰҰ тарапынан қолдау тапты».
Қазіргі уақытта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) – Азия өңіріндегі жер шарындағы халықтың жартысына жуығын құрайтын 35 мемлекетті біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйым. Ең бастысы, ядролық клубқа кіретін тоғыз мемлекеттің төртеуі (Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан) аталған ұйымның мүшесі болса, бір мемлекет (АҚШ) бақылаушы ретінде қатысады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен Азиядағы ЕҚЫҰ-ның аналогы ретінде құрылған осы ұйымның әр жылдары бірқатар мемлекеттер арасында белең алған өзара сенімсіздікті реттеуге айтарлықтай үлес қосқаны әлемдік лидерлер тарапынан мойындалды.
ЕҚЫҰ демекші, өзін Еуразиялық мемлекет ретінде көрсететін еліміздің Тұңғыш Президентінің дипломатиялық шеберлігінің нәтижесінде 2010 жылы ел жүрегі Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы аясында әзірге ұйымның осы жүзжылдықтағы жалғыз саммиті – ЕҚЫҰ-ның Астана самиті табысты өткізіліп, Еуразиялық қауіпсіздік декларациясы қабылданды.
Осылайша, жоғарыда аталған Н.Ә.Назарбаевтың КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі үндеуі басты себеп болған Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардың тоқтағанына биыл 30 жыл, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының қабылдануына 28 жыл толады. Осы бір ел тарихындағы аса бір маңызды кезеңде Елбасы əлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді.
Осы арада кез келген саясаткерде, көзі қарақты оқырманда заңды сұрақ туындайды: «Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем таныған бітімгерлік қайраткерлігінің басты мәйегі неде?». Біздің ойымызша, бұл сұраққа Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабындағы балалық шақта басынан өткен, кейін өмірі мен тағдырына терең бойлаған мына оқиға жауап беретіндей: «...Мен туардан көп бұрын-ақ біздің үйде əскери винтовка болыпты, оны əкем Əбіштің туыстарының бірі жазалаушы отрядпен бір қақтығыста олжалаған екен... Бірде əжем Мырзабала: «Бұл мылтық, ағаларымызға ажал, бізге азап болып тиген. Қайғы жамап, сарсылтқан ғой. Енді сол қасірет балаларымыздың басына да келсін дейсіңдер ме? Кемеңгерліктің де, кісіліктің де өлшемі - жамандықты жаныңа жолатпаған. Ал жадымыз өзімізбен бірге кетер», - депті. Айтты - болды. Қарумен қоштасудың көне ырымын жасап, əкем винтовканы өкіметке өткізеді, бірақ алты қырлы найзасын алып қалады... Әжем: «Жауды жеңдік қой, енді соғыс бола қоймас, ал аспап үйде кəдеге жарайды», - деп, сол темір найзадан орақ жасауды бұйырды...
Арада талай-талай жылдар өтті. Нью-Йоркке алғаш аяқ басқанымда, Біріккен Ұлттар Ұйымының бағында Е.Вучетичтің атақты қола ұстасының туындысын көрдім, Иса пайғамбардың кітабынан адамдар «семсерінен соқа, найзасынан орақ жасайтын, халықка халық семсер сілтемейтін, «соғысуды қайтып үйренбейтін» заман туралы сөздерін оқыдым...».
Осыдан түйер ой, ақын Абайды тәрбиелеген Зере, ғалым Шоқанға мейірімін сыйлаған Айғаным сынды Нұрсұлтанның әжесі Мырзабала да, есейгесін Ұлы дала елінің ауыр жүгін арқалап, Қазақстанның атын әлемге танытатын сезді ме, немересінің бойына бейбітшілік нұрын шашудың ұлттық кодын дарытыпты. «Алып анадан туады» немесе «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», - деген осы да.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –
Елбасы кітапханасының директоры,
саяси ғылымдардың докторы, профессор