«Әлемді өзгертетін идеялар» тыңдаушылары жасұландықтармен жүздесті

Игі дәстүрге айналған «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына оңтүстікқазақстандық және қарағандылық оқушылар үңілді. Балалар Елбасымыздың жаһандық бастамалары мен идеяларын жан-жақты зерделеді. Қатарластарымен бірге Әсима Әлімбаева да екі күндік дәрістерді ұйып тыңдады. 9 сыныптың оқушысы болашақтың іргесін қалайтын Ұлт жоспарын жете білуді өзіне парыз санайды.

– Мен Елбасымыз белгілеген «100 нақты қадамның» мінсіз орындалуына атсалысамын.  Болашағымды экономикамен сабақтастыруды ұйғардым. Мықты қаржыгерлердің қажет екендігіне дәрістер барысында көз жеткіздім. Үшінші реформаға сәйкес елімізді индустрияландыруға бет алып, экономикалық сала қарқын алмақ. Оның барлығы әртараптандыру негізінде жүзеге асырылады, - дейді 15 жастағы қарағандылық жасөспірім.

0U3A9118

Бейбіт Сайранбай Елбасына бой түзейді. Мектеп оқушысы болашақта мемлекеттің тізгінін қолына алуға әзір. Оған күш-жігері мен біліміне жететініне сенімді. «Елбасы кітапхасында рухани азық алдым. Өзіңді дамытуға септесетін құнды дүниелер өте көп. Тәуелсіз еліміздің барлық жетістіктері - Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Егер өмірде талпынсаң, президент атануға болады. Бірақ әуелі Мемлекет басшымыздың «Құрыш қалай шынықты» кітабын оқуым қажет», - деп өзінің пікірімен оңтүстікқазақстандық жасөспірім бөлісті.

0U3A9141

«100 нақты қадамды» арқау еткен мазмұнды дәрістер Қазақстанның бүгінгі тынысымен және келешекке межеленген бағыт-бағдармен таныстырады. Оның арқасында мектеп оқушылары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жайлы ой түйеді. «Сіздерге аса құнды мәліметтер болашақтағы мамандықты таңдауға септеседі. Әрбір қадам – кәсіптік бағдардың бағыты. Біздің қоғамда белсенді жастар көп болуы қажет. Бүгін әрбіреуіңіз «Кемел Ел» сарапшылық клубының мүшесі атанды. Оның жұмысы аясында белсенді жастар ұйымдарының өкілдері еліміздің қоғамдық маңызды шараларына атсалысады. Мәселен, ЕХРО еріктілері өздерінің жобаларын жүзеге асыруға кірісті», - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышұлы.

«Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының қатысушылары Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының өкілдерімен кездесті. Биыл балалар қозғалысы алғашқы 5 жылдық мерейтойын тойламақ. Оның қатарына еліміздегі 1,5 миллионға жуық мектеп оқушысы кірген.

0U3A9153

– Балалардың бойына отансүйгіштікті, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіруге басымдық береміз. «Бала би» шешендік өнер байқауы, «Жаңа леп» әндер байқауы республика көлемінде өткізіледі. Жасұландықтар әлеуметтік маңызды жобаларға бастамашылдық танытып, өздерінің белсенділіктерін танытуда. Өткен жылдан бері Халықаралық бизнес университетімен бірегей жоба қолға алынды. Оған сәйкес үздік жасұландықтарға аталмыш жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Өткен жылы алғашқы іріктеу жүргізілді. Бүгінде қатарымыздан қанат қаққан көшбасшыларымыз университетте білім алуда, - деп атқарылған жұмыстарды ұйым төрағасы Динара Сәдуақасова жіпке тізді.

Кездесуге Астана қаласындағы мектептердің ұланбасылары да қатысты. Олардың арасында Рүстем Ахметов бар.

0U3A9144

«Мектебімде ұланбасымын. Жауапкершілік жүгі үлкен. Балалардың мүдделерін қорғап, олардың жан-жақты дамуы үшін мәдени, танымдық шаралар ұйымдастырамыз. Отансүйгіштік,  еңбексүйгіштік, салауатты өмір салты, ұлттық тәрбие бойынша пікірталастар өткізіледі.  Жасұландықтардың әрқайсысы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, өзіндік үн қосады», - дейді № 72 мектептің 10 сынып оқушысы Рүстем Ахметов.

Кездесу марапаттау рәсіміне ұласты. «Әлемді өзгертетін идеялары» семинарының тыңдаушыларына сертификаттар және естелік сыйлықтар табысталды.  

0U3A9273