«Әлемді өзгертетін идеялар» шығыс пен батысты тоғыстырды

Игі дәстүрге айналған семинар-тренинг жас көшбасшылардың басын қосты. Бұл аптада «Әлемді өзгертетін идеяларды» батысқазақстандық және шығысқазақстандық балалар кеңінен қаузады.
0U3A7089

0U3A7129
9-11 сынып оқушылары дәрістерге және практикалық жаттығуларға қатысып, білім көкжиегін кеңейтті. Олар Елбасының жаһандық бастамаларын жан-жақты талқылап, еліміздің кешегісі, бүгіні мен болашағы жайлы өздерінің пікірлерін ортаға салды.
Жолдыгалиева
– 26 жылдың ішінде еңсесін тіктеген еліміз үшін көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді. Қазақстан қасқағым сәтте гүлденіп, бірлік пен татулықтың бесігіне айналды. Атамекеніміз дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алу үшін барлығымыз тынымсыз еңбектенуіміз қажет, - деп өзінің ойымен Батыс Қазақстан облысы Қалдығайты жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Жанбота Жолдығалиева бөлісті.
Елбасының салған "Қазақстан жолы", еліміздің мерейін арттыратын «Мәңгілік ел» идеясы дәрістерде, тренингтерде және интерактивті үстелдердегі сабақтарда кеңінен талқыланды. Оқушылар аса құнды мұрағат құжаттарымен, тарихи суреттермен және бейнематериалдармен танысты. Елбасы кітапханасының қызметкерлері ұсынылған ақпараттың қолжетімділігіне және түсінікті болуына баса мән берген.
Есимханова
– Астанаға сапар оқушылардың да, мұғалімдердің де көңілінен шықты. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Оқылған дәрістер мазмұнды. Еліміздің ертеңі жастардың қолында. Оларды тәрбиелеу мен бағыт беруде екі күндік семинар-тренингтердің септігі зор. Оған Шығыс Қазақстаннан 23 көшбасшы іріктелді. Олардың барлығы «Мәңгілік Ел – болашаққа ұмтылған ел» конференциясына қатысты. Ұлт мүддесі жолында Елбасының тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын дәріптеу және түсіндіру - абыройлы іс, - деп атап өтті Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының маманы Гүлден Есімханова.
Шалғайдан ат терлеткен оқушылар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Олар еңселі елорданың көрнекті орындарын аралады. Алмас Мержақыновтың Астанаға жолы алғаш рет түскен. Белсенді оқушының мәдени ордалардың жұмысы қызығушылығы жоғары. Шығысқазақстандық жас келешегін өнермен сабақтастыруды ұйғарған.
Мержакынов
– Екікүндік семинар-тренингтің арқасында еліміздің тарихын ой елегінен өткізіп, жаңа мағлұматтарды түртіп алдық. Қазақстанның екі өңірінен жиналдық. Бір-бірімізбен тез тіл табысып, пікір алмастық. Мемлекеттің әл-ауқатын жақсартатын қадамдарды талқылап, белгіленген міндеттерді орындау үшін ерінбей еңбек ету қажеттігін түсіндік, - дейді Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп гимназия интернатының 10 сынып оқушысы.
Семинарға «EXPO-2017» көрмесінің еріктілері және «Жас ұлан» ұйымының белсенділері де қатысты.
Куракбаева
–Тыңдаушылардың бөліскен қызықты ойлары, жалпы семинар атмосферасының өзі де – өте ұнады. Бір-бірін тыңдай білетін ортада пікіріңді еркін білдіріп, өзгенің сөзін тыңдап, ой-өрісіңді де дамыта түсесің. Болашақ журналист ретінде жан-жақтылық мен үшін аса маңызды. Сондықтан «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне тағы да қуана қатысар едім, - дейді Астана қаласындағы №29 орта мектептің 11 сынып оқушысы Нұрай Құрақбаева.
Семинар-тренингтің қатысушыларына сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсімінде балалар өзінің өнерін ортаға салып, тілегін білдірді. Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің 9 сынып оқушысы Шыңғыс Мұратханов шығарған өлеңімен ойын түйіндеді:
Халықтан тауып қолдауын,
Көңіліне көптің ұнаған.
Жан-жақты даму жолдарын,
Көрсетті талдап Нұр ағам.

Тереңге тартқан тамыры,
Еркіндіктің жолында
Қазақстан тағдыры
Болашақ жастар қолында!