«Өзің білім ал да, басқаға бер». «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингке қатысқан оқушылар осындай принципті ұстана бастады. Елбасы кітапханасындағы семинардан мамыр айында Қостанай облысының оқушылары өткен еді. Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Бағытгүл Сапарова бастаған бір топ тәлімгер Елбасы кітапханасына тағы да атбасын тіреді.
– Жоғары сынып оқушыларына бұл жер өте ұнайды. Алғашқы минуттан бастап таңданыс пен үлкен қызығушылық пайда болады. Мұндай семинарлар оқушыларды бей-жай қалдырмайды. Өйткені, бұл жерде лекция оқылмайды, керісінше Ұлт Жоспары жеңіл тілмен түсіндіріледі. Профессорлар барлығына түсінікті қарапайым сөзбен экономика, саясат, индустриализация деген маңызды тақырыптарды қозғайды. Балалар үйлеріне үлкен шабытпен оралады. Осындай семинарларды өздерімізде де өткізуге тырысамыз. Мәселен, әдіскерлеріміз Ұзынкөл, Федоровский аудандарында елге маңызды деген реформаларды қызықты етіп түсіндіру мақсатымен кездесулер ұйымдастырады, – дейді Бағытгүл Сапарова.
Асия Дәукенова – Қостанай обл. Сарыкөл ауылы Урицкая орта мектебінің оқушысы. Асия үшін Кітапхана орналасқан ғимарат барша Әлем көрінетін таза, мөлдір жаңбырдың алып тамшысы болып көрінеді екен.
– Елордамыздың көріктілігін тамашалаған кезде кеудемді мақтаныш кернейді. Мұндай ғимараттар әлемге «Қазақстан өсіп, заманға сай дамып келе жатыр және қонақтарымызды таңдай қақтыра аламыз» дейтіндей, - дейді шатмат ойындары бойынша аудандық жеңімпаз. Асия болашақта теміржол жолдарының инженері болуды армандайды. Қазақстанның алшақ өңірлерін бір-бірімен «байланыстырсам» дейді. Алдына қойған мақсаттарының бірі – жеке көлік алу.
Көлік туралы Мақсұт Әбенов те армандайды. Жас жігіт әуе көлігін тізгіндеуді қалайды. Ол ұшқыш болғысы келеді. Наурызым қорығы орналасқан туған жерін мақтан тұтады. Ол жерде әкесі жұмыс істейді.
– Менің әкем заңгер. Ол Ұлт Жоспары туралы көп біледі. Енді мен де оған бағдарлама туралы айтып бере аламын. Бұл жайт мені қуантады. Жоспарда көрсетілген мақсаттардың іске асырылуына әр адам атсалысса, күш біріктірілсе жетуге болады деп ойлаймын. Тіпті, оқушылар да, жақсы оқыса болғаны. Бұл олардың қосқан үлесі болады, – деген ойымен еркін күрес бойынша 1 дәрежелі спортшы Мақсұт Әбенов бөлісті.
Оныншы сынып оқушысы Вячеслав Чинишлов Петропавл қаласынан келді. Болашақта адвокат болуды көздейді. Айтуы бойынша, кәсібіне қажет болатын мемлекеттік аппараттың қалыптасуы туралы көп мағлұмат алған. Оның ойынша, Ұлт Жоспарын мектептерде қосымша сабақ ретінде енгізуге болады. Сол кезде ЖОО түскен жас парасатты қоғам қалыптастыру үшін белсенді қатысуға дайын болар еді деген пікірде.
– Жоспардың мақсаттары іске асқан жағдайда, Қазақстан одан да әлді болады. Біз үшін бұл бір Отан. Бүкіл ел азаматтарына өмір сүруге біздің отбасымыздағыдай жайлы да ыңғайлы болса екен деймін. Біз демалыс күндері отбасымызбен дөңгелек үстел басына жиналғанды ұнатамыз және әжеміздің келгенін жақсы көреміз, – деп ағынан жарылды Петропавл қаласының №1 лицейінің 10 сынып оқушысы.
– Гүлденген Қазақстан – бұл барлық этностардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін елі. Бұл қадірлеуімізді қажет ететін біздің басты байлығымыз, – дейді СҚО Темирязев мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы, патриоттар Академиясының мүшесі Майя Әлиева. – Менің екі ағам мен әпкем қазақша сөйледі, ата-анам да қазақ тілін жақсы біледі. Менің өзім де тілді белсенді үйреніп жүрмін. Ел патриоты – сарбаз да, мұғалім де, үйде бала асырап отырған әйел де. Біздің елімізде халқына, еліне қызмет етуге дайын патриоттар көп. Мен Қазақстанды жақсы көремін және барлық жетістіктерімді онымен байланыстырамын, – дейді Майя Әлиева.
Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысынан келген елуге жуық оқушы Астана, Елбасының кітапханасы туралы көптеген жағымды әсер алды. Сертификат табыстау барысында жас өрендер жаңа білім алуға мүмкіндік берілген семинардың ұйымдастырылғаны үшін ризашылықтарын білдірді.





