«Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингі: ұрпақтар кездесуі

7-8 сәуір күндері Елбасының кітапханасында Астана қ. академик Ғ.С. Сейтқасымов атындағы Индустриалды-экономикалық колледжі және Еуразия гуманитарлық институты колледжі студенттері «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренгінен өтті.

Семинар барысында оқу үздіктері мен белсенділер «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы білімдерін толықтырды, инновациялық білім беру үстелдері арқылы оқығанын іс жүзінде тексеріп көрді, қоғамдық-саяси тақырыптар төңірегіндегі пікір-таластарға қатысты.

Семинардың соңғы күнінде өскелең ұрпақпен кездесуге белгілі архитектор, мәдениеттің біртуар тұлғасы, «Құрмет» орденінің иегері - Сайын Назарбек келді. 75 жастағы ақсақал өте қызықты өмір сүргенін, 50 жыл некеде екенін ерекше айтып өтті. Жастармен әңгімелесу барысында уақыт, Қазақстанның өткені мен болашағы тақырыптарына тоқталды.   

Сайын Назарбек «бүгінгі күні ұлттық дәстүр жойылып бара жатыр, соның ішінде тойдың сәні кетті», - деп үлкен алаңдаушылық білдірді. «Тойға барсаң, тойып бар» деген сөзге сүйенген ғалым:

- Той қазақ үшін алдымен мәдени шара, әуендік және ақындық өнермен тәжірибе алмасу орны. Бүгінгі күні тойлар мен туған күндерді атап өту шаралалары мәдени тұрғыда төмен деңгейде ұйымдастырылады, - деген пікірімен бөлісті.    

[Best_Wordpress_Gallery id="28" gal_title="Встреча с Сайын Назарбековым (семинар)"]

Ақсакал жастарға отансүйгіш болуға, өз елін қадірлеуге шақырды:

- Отбасын сүю деген – Отанды сүю. Отбасың – бұл ата-анаң, жұбайың, балаларың. Отбасын қорғай алатын адам – Отанын да қорғай алады, - деп түйді.  

Сайын Назарбек өзінің жоғары нәтижелерге жетуінің бойындағы басты қасиеті ретінде еңбексүйгіштікті атайды.

-Мен аптаның 8 күнінде, тәуліктің 25 сағатында жұмыс істедім, - деп қалжындайды ол.

Тағдырдың сыйы мен зор құрметі ретінде Елбасымен кездесуі және әңгімелесуі деп санайды.  

Елбасы кітапханасының құрметті мейманы «Кітапханаға кітап сыйла» акциясын қолдады және өзінің бірнеше кітабын сыйға тартты. Олардың ішінде 9 томдық «Бабалар байтағы» жинағы, сегіз томдық «Адай тайпасы» қазақ халқының шежіре тарихы, «Қазақтың киіз үйі», «Қаһарман халықтың қаһарман ұлы», «Ұлы дала ұлдары», «Менің Ақ Ордам» таңдамалы өлеңдер жинағы және т.б. еңбектері бар.