«Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингі: қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру

2016 жылдың 3-4 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының оқушылары семинар-тренингке қатысты. Семинарда 9-10 сынып оқушылары Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеді, интерактивті үстелде әртүрлі тапсырмаларды орындады, елорданың көрікті жерлеріне экскурсия жасады.

0U3A0854

Семинардың практикалық бөлімінде жас көшбасшылар Қазақстан Республикасының стратегиялық құжаттарының басты ұғымдары, олардың ерекшеліктері мен тұжырымдамалық негіздері туралы пікірталасқа белсенді қатысып, өз ойларымен бөлісті. Қазақстандық бірегейліктің құндылықтары не деген сұраққа Ақмола облысы Егіндібұлақ ауданының Алакөл ауылы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Елена Вайчук: «Қазақстандық бірегейлік – ел бірлігі, азаматтардың тең құқылы болуы, мемлекет берген құндылықтарды бағалау. Мемлекет игілігі үшін қызмет ету, бірінші кезекте – жалпыға ортақ еңбек қоғамы, – деді.

Петропавл қаласы қазақ-түрік лицейінің 10 сынып оқушысы Алмаз Тұтқышев:

– Семинар-тренигтен мол білім алдық. «Меритократия» деген терминнің не екенін ұғындық. Меритократия – әділдік. Ұлт жоспарының– «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бірінші бағытының маңызды жаңашылдығы. Мысал келтіретін болсақ, жұмыс уақытында барлық міндеттерін атқарған қызметкердің жалақысы да жоғары болады, ал өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, уақытын бос өткізген қызметкер жалақысы да аз болады. Бұл өте әділ шешім деп ойлаймын, – деді.

0U3A0806

Іс-шара аяғында Кітапхананың атқарушы директоры Бейсембай  Жұмабеков семинарға қатысушыларға курсты аяқтағандығы туралы сертификаттар табыс етіп, «Біздің Президент» атты естелік-кітаптарын сыйлады.  

Марапаттау рәсімінің құрметті мейманы тұңғыш отандық антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы,  профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері − Оразақ Смағұлов болды.

0U3A0756

 

Ғалым О.Смағұлов:

- Мен осы семинарға қатысқан жастарға қатты қызығып отырмын. Себебі, сендер еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде дүниеге келдіңдер. Бүгінгі таңда біздің елімізде жастардың терең білім алуына, жан-жақты дамуына, жарқын болашағын құруына барлық мүмкіндіктер бар. Сендер бақытты ұрпақсыңдар! Белгілі француз ғалымы айтқандай, адам дүниеге келгенде үш мақсаты болады екен. Бірінші мақсат – қиындықтарды жеңе білу, яғни жас бала үлкен азамат болып қалыптасқанша, қиындықтарға тап болады. Екінші мақсат – талпыныс. Ол адамның өмірден өз орнын тауып, қызметте, отбасында, қоғамда лайықты орны мен еңбегі бар тұлға болуы. Міне, осы мақсатта жету үшін ең алдымен талмай еңбек ету керек. Еңбек адамды бақытқа жетелейді. Еңбек түбі – береке дейді. Сендер терең білім алуларың үшін тер төгіп көп оқуларың керек. Жалпы, бақытты өмірді құру әр адамның қолында. Біз өз болашағымызды өзіміз қалаймыз, - деді

Семинарға қатысушылар мол білім және болашаққа деген ерекше сеніммен туған өңірлеріне аттанды.