Елбасы кітапханасының 2015 жылдың 1 қазанында бастау алған «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы жалғасын табуда. Түрлі жастар санатымен жұмыс істеуге бағдарланған әлеуметтік жоба табысты іске асып, оң нәтиже көрсетіп келеді.
Жоба аясында семинарға қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын, сондай-ақ бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын терең ұғынады.

Биылғы жылдың ақпан айында «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасына 8 ЖОО-ның 180 студенті, 7 өңірдің 170 мектеп оқушысы қатысып, семинар-тренингтен өтті.
Жастарға Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері, оқытушылары «Заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыру», «Заң үстемділігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекет» тақырыптары бойынша дәрістер кешенін ұсынды.
2016 жылдың 23-24 ақпанында Елбасының кітапханасында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері оқуда болды.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 2 курс студенті Сәния Темірханова семинардан алған әсерімен бөлісе келе: «Бұл семинардан кейін жаңа ойлар пайда болды. Мен Қазақстан үшін, болашақ шәкірттерім үшін не бере аламын деген сұрақтар туындады. Мен болашақ мұғалім ретінде оқушыларымды орыс тілінде терең оқытып қана қоймай, олардың білімдерін одан әрі ғылыммен ұштастырып, болашақ еліміздің үлкен азаматтарын тәрбиелегім келеді. Сол үшін талмай еңбек етемін. Сонымен қатар «Нұрлы болашақ» деп аталатын - 89 қадамды іске асыру бойынша орыс тілі пәні сабақтарын ағылшын тілінде оқытуға талпынамын», - деді.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының тарих мамандығының 3 курс студенті Самат Сағандықов: «Бұл семинар, шын мәнінде, менің патриоттық сезімімді оятты. Кеудемді елім үшін мақтаныш сезімі кернеді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тың идеялары мен жаңашыл бастамаларының сәтті іске асқанын Кітапханадағы экспонаттардан-ақ көруге болады. Біздің Мемлекет басшымыз ел жастарына жарқын болашаққа жол көрсетуде. Біз еліміздің дамуына күш саламыз», - деді.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология факультетінің 2 курс студенті Ерсін Нұржанов:
- «Әлемді өзгертетін идеялар» деген семинар-тренингтің аты айтып тұрғандай әлемді әрбір адам өзгерткісі, жаңартқысы келеді. Бірақ оларда нақты құжат немесе айқын бағдар жоқ. Елбасының Ұлт жоспары қоғамның барлық саласын қамтитын жарқын жол, терең ойластырылған сарабдал бағдарлама», - деді. Семейлік студент семинардан алған әсерін өлеңмен өріп, «Мәңгілік Ел» атты туындысын оқыды.
Семинардың марапаттау рәсіміне Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері, жазушы Ғарифолла Есім қатысты.
Ал, 25-26 ақпан күндері «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингінде Маңғыстау облысының оқушылары білім алды. Маңғыстаулық жас өрендер семинар жұмысына белсенді қатысып, Ұлт жоспары, «Қазақстан - 2050» стратегиясы, өзге де бағдарламалық құжаттардың мәні мен мазмұны туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әмина Кайыпбаева маңғыстаулық оқушылар атынан семинар ұйымдастырушыларына алғысын айтып, өлең арнады.
