«Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының презентациясы өтті

25 ақпан күні Елбасы кітапханасы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірлескен «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының таныстырылымы өтті.

Кеңеске Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков төрағалық етті. Кеңесте қаралған басты мәселе – Елбасы кітапханасының «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасын талқылау.

Жаңа жобаның презентациясына арналған кеңеске Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, Кітапхана қызметтерінің басшылары және жоба авторлары қатысты.  

«Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының тұжырымдамалық бағыт-бағдарлары, мақсат-міндеттері мен мазмұны, күтілетін нәтижелері және жоба аясында Кітапханамен бірлесіп жұмыс жасайтын серіктестер, жобаның перспективасы туралы Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев баяндап берді. Жоба бойынша қосымша баяндаманы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсілов жасады.

[Best_Wordpress_Gallery id="16" gal_title="Презентация Социального проекта"]

«Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы мектеп оқушылары және студенттермен, сол сияқты жастардың басқа да топтарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді көздейді.

Әлеуметтік жобаның жаңашылдығы - Мемлекет басшысының саяси және басқарушылық тәжірибесін, қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы Н. Ә. Назарбаевтың тұлғасын ғылыми-тарихи пайымдау нәтижелерін білім беру саласына жүйелі енгізу.  

Сондай-ақ, тұсаукесер кеңесінде «Кемел Ел» мәдени-білім беру және жастарды тәрбиелеу орталығын құру мәселесі қаралды. Бұл орталық болашақта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ жанынан тұрақты жұмыс істейтін, республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейдегі бірлескен әртүрлі форматтағы, ғылыми-білім беру, қоғамдық мәні бар мәдени және қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізуді үйлестіретін орталық болмақ. Сонымен бірге, ел аймақтарында «Кемел Елдің» өңірлік орталықтарын ашу жоспарда бар.  

Талқылауға қатысқандар жобаны қолдап, оны жетілдіруге бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды.

Кеңесті қорытындылай келе Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасы қолдауға тұратын құжат деген баға беріп, ендігі жерде оны іске асыру мәселесіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Кеңеске қатысқандар «Әлемді өзгертетін идеялар» атты маңызды әлеуметтік жобаны мақұлдау қажет деген шешімге келді.