«Әлемді өзгертетін идеялар»: еңбексүйгіштік пен отансүйгіштік негіздері

Әлия Әшім сұлулығымен талай байқаулардың жүлдесін еншілеген. Бойжеткен 2015 жылы «Қазақ аруы» республикалық сайысында ІІ орынды иеленді. Бірақ нәзік жан сән жолына түспей, нақты мамандық иесі атануды ұйғарған. Оның анасы журналистиканы таңдауға үгіттесе де, бойжеткеннің бүйрегі медицинаға бұрған. Таңдау тіс дәрігеріне түскен. Бүгінде нәзік жан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 5 курсында оқиды. Белсенді студент теорияны тәжірибемен ұштастыруда. 2 жылдан бері жеке стоматологияда шеберлігін шыңдап келеді.

0U3A8908

– Халыққа қызмет көрсетіп, олардың алғысына бөлену бойыма жылулық сыйлайды. Білікті тіс дәрігері атанып, мінсіз еңбек ету – басты өмірлік ұстанымым. Елбасымыз да жастарды еңбексүйгіштікке шақырып, адалдықпен нан табудың маңыздылығына назар аударады. Оған тағы бір мәрте «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарында көз жеткіздім. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының барлық бағыттарын зерделедік. Елбасы кітапханасындағы интерактивті үстелдердегі мазмұнды материалдармен, тарихи жәдігерлермен танысып, білім көкжиегіміз кеңейді. Мемлекет басшымызға бой түзеп, еліміздің мүддесі үшін аянбай тер төксек, әл-ауқатымыз жақсарады, - дейді студент Әлия.

Бұл жолы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарында болашақта Гиппократ антын қабылдайтын студенттер тоғысты. Олар - Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің және Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенттері. Болашақ дәрігерлер еліміздің келешегінен даңғыл жол салатын Елбасының жаһандық бастамаларына және идеяларына үңілді. Жастар Елбасы кітапханасындағы 6 интерактивті білім беру кешені бойынша қосымша мәліметтерге қанығып, өздерінің білімдерін тексерді.

0U3A8890

Рухани орталықпен танысып, екі күндік мазмұнды дәрістерге қатысқан студенттерге сертификаттар табысталды. Оларға жауапты қызметте Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков сәттілік тіледі.

0U3A8919