Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» екі күндік семинар-тренингісі өтті. Мазмұнды дәрістерге Ақтөбе және Қызылорда облыстарының оқушылары қатысты. 25-26 қаңтар күндері жаңа үлгідегі семинар-тренинг тәжірибе жүзінде сыналып, оның тиімділігіне Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен «Жас Ұлан» ұйымы өкілдері көз жеткізді.
2015 жылдың қазан айында қолға алынған әлеуметтік жоба Елбасының тұжырымдамалық бастамаларын және жаһандық идеяларын, «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жан-жақты зерделеуге бағытталған. Оның аясында «Кемел Ел» мəдени-білім беру жəне жастарды тəрбиелеу орталығы және сарапшылық клубы құрылды.
Жоба шеңберіндегі сұхбат алаңында жастар қозғалысы мен ұйымдарының көшбасшылары, ЭКСПО еріктілері, жастар саясаты басқармалары мен жастар ресурстық орталықтарының өкілдері тоғысып, кейінгі толқынның мәселелерін кеңінен қаузады. Елбасы Кітапханасы жастармен жұмыс барысында еріктілер қозғалысын дамытуға жете көңіл бөлінеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрме қарсаңында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Волонтерлік штабымен байланыс көпірін орнатылды.

Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев әлеуметтік жоба жастардың қызығушылығын оятып, бүгінде Қазақстанның аймақтарында қолға алынғанын ерекше атап өтті. «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына бүгінге дейін 3682 адам қатысқан. Олардың қатарында жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ құқық қорғау органдары академиясы мен Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің, БАҚ, жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Биыл «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасына жаңашылдықтар енгізіліп, коучинг әдісін кеңінен кәдеге жарату көзделіп отыр. Оның негізінде тыңдаушылардың тәжірибелік жұмыстарына көп көңіл бөлінеді.
-Біз семинардың тренинг бөлігін кеңейттік. Бірінші кезеңінде жастарға жобалық ойлау негіздерін, технологиялар форсайтын үйретіп, отансүйгіштікке тәрбиелейміз. Жастар мемлекеттің дамуына қандай үлес қоса алатындары жайлы пікір алмасады. Екінші кезеңде вебинарлар арқылы тақырып бекітіледі, тыңдаушылар үшін жеке әлеуметтік жобалар бойынша кеңес алуға жағдай жасалады. Олармен орнатылған байланыс үзілмейді. Өздерінің жобасын ұсынған үздік тыңдаушыларды қыркүйек айында семинардың үшінші кезеңіне жинауды жоспарлап отырмыз, - деді Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің аға ғылыми қызметкері Людмила Бурлаченко.
-Әріптестік аясында жаһандық мәселелердің түйіні тарқатылады. Бұл қазақстандық жастар үшін таңсық болмауы қажет. Сондықтан оларға топта жұмыстың негіздері үйретіледі. Жастардың сыни және жобалық тұрғыда ойлауына көңіл бөліп, «Кемел Ел» клубына белсенді әрі білімді жастарды іріктеу арқылы жас көшбасшылар пулын құрамыз, - деп бөлісті Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметінің жетекші сарапшысы Венера Мұстафина.
Әсел Махамбетова семинар-тренинг арқасында өзінің білім көкжиегін кеңейткен. Ол қатарластармен танысып, өзара пікір алмасудың мүмкіндігін қалт жібермеген.
-Мен Қазақстанда өмір сүретініме қуанамын. Бізді жылы қарсы алған Астананың әсемдігіне сүйсіндік. Елбасы кітапханасының арқасында қаланың көрікті жерлерін араладық. Әрбір ғимараттың өзіндік ерекшелігі бар. Мені Елбасы Кітапханасы тәнті етті. Жобаға қатысып, білімімді толықтырдым. Семинардан алған әсеріммен сыныптастарым мен достарыммен бөлісуге асықпын. Жеке жобамды ойластырып, Кітаханаға тағы келуге тырысамын, - деді Иманғали Білтабанов атындағы орта мектептің оқушысы.

Екі күндік семинар-тренингте дәріс алған жастарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар таратылды. Марапаттау рәсімінде кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келесі аптада аталмыш семинар-тренингке Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері, қырғызстандық жастар қатысады.


