8 сәуір күні Елбасы кітапханасында «Ланкестікпен күрес: жаңа трендтер, жаңа тәсілдер» тақырыбында лекция оқылды. Лекцияға Құқық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері – Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының біліктілікті жоғарлату және қайта даярлау бойынша 1 курс тыңдаушылары қатысты.

Өз сөзінде Кітапхана директорының орынбасары – Талдау орталығының жетекшісі, саясат ғылымдарының кандидаты Т.Т. Шаймергенов жаһандық терроризм феноменін қарастырып, оның әлем экономикасына тигізетін зияны туралы айтып берді. Лекция барысында нақты мысал келтіру арқылы бүгінгі таңдағы ланкестердің белсенділігінің өзгеруі, соның ішінде жаңа технологиялардың әсерінен өзгеруі талданды.

Лекция оқушы Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ланкестік мәселесіне ерекше назар аударды және халықаралақ тәжірибеге сүйене отырып онымен күресудің амалдарын тілге тиек етті.
Кейін лекция тыңдаушылары үшін Елбасы кітапханасы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ, олар Алғыс күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» — «Память во имя будущего» көрмесімен танысты.
