ҚЫЗЫЛОРДА МЕН КӨКШЕТАУ СТУДЕНТТЕРІ БАС ҚОСТЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері екі күндік «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингін онлайн тәмамдады. 50 студент Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік бағдарламалары мен жолдауларының негізімен танысты. Олар «Рухани жаңғыру» атты қоғамдық сананы жаңғыртудың бағдарламасына қызығушылық танытып, тақырыпқа қатысты пікірлерін ортаға салды.

«Рухани жағыру» бастапқы құндылықтарының бірі еліміміздің білім беру және тәрбиелеу саласымен ұштасады. Бағдарламаның платформасы жас қазақстандықтардың буынын қолдауға, интеллектуалды әлеуетін дамытуға, олардың сана-сезімін, отансүйгіштік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға сүйенеді.

Елбасы кітапханасының вебинарында студенттер тұлғаның  қалай қалыптасатынын зерттеп, адамның ашуланшақтық, агрессивтілік, ұялшақтық, тұйықтық сияқты қасиеттерге бейім болатынын түсінді. Жастар кедергілерден арылудың жолдарын талқылап, қоғамның абыройлы мүшесі болудың амалдарын тілге тиек етті. Идеяны құрдастарға түсіндіру мақсатында олар слайд дайындап, сурет салды.

– Дәрісте еліміздің қандай жол кешкені айтылды. Жұмыс барысында жаңа достар таптым. Өз қатарластарымның ойларын тыңдап, жаңа тәжірбиелер ала білдім. Қазақстан – менің алтын бесігім. Ол – бабалар тарихы, ұрпақтарға қалатын асыл мұра. Бізден кейінгі ұрпақтың да «Қазақстан» сөзін мақтанышпен айтқанын қалаймын. Семинар бұрын-соңды ойламаған дүниелерді басқа қырынан тануға мүмкіндік берді. Біздің болашағымыз бен еліміздің болашағы туралы ойлар, жаңа идеялар мен армандар пайда болды. Мен өзіме елімізді кез-келген бағытта дамыту, бәсекеге қабілетті тұлға болу және жас буынды болашаққа жетелеу жөнінде нақты мақсат қойдым. Мен еліміздің барлық жастарын Отанымыздың игілігі үшін өздерін жетілдіруге шақырамын. Іс-шараны ұйымдастырған Елбасы кітапханасы мен мекеменің ғылыми қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді, - деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Айжан Дастанбек.

«Барлық студенттер өте белсенділік танытып, өздерін жақсы қырдан көсетті», - дейді Елбасы кітапханасының Әлеуметтік, гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекшісі Күнсұлу Исинова. - Олар үшін өз пікір білдіру, ойын жеткізу өте маңызды. Жастар «Рухани жағыру» бағдарламасының ақпараттарына сүйене отырып, қызықты идеялармен бөлісті. Олар оның негізгі идеясын анық біледі. Ең бастысы – сол идеямен ойларын үндестіреді. Қатысушылардың көбі семинарға қатысуды жалғастырмақшы. Жаңа буынның мұндай жігер-қуаты қуантарлық жағдай».

Екі күндік семинар-тренингтің қатысушыларына жеке сертификаттар таратылмақ.