ҚЫТАЙ МЕЙМАНДАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МУЗЕЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында Елбасы кітапханасының Музейіне Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің Құжаттамалық зерттеу орталығы қызметкерлері келді. Делегацияны аталмыш орталықтың басшысы Лэн Жун бастады. Елімізге іс сапармен келген мәртебелі меймандар Н.Ә.Назарбаевтың Астанадағы алғашқы Резиденциясымен танысуға ниет білдірген екен.

Шолу экскурсиясы кезінде қонақтармен болған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаеваның айтуынша:

– Қытай партияларының өкілдері дәстүрлі түрде «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде Президентіміз Н. Назарбаев тұлғасының қалыптасу тарихына ерекше назар аударады. Осы орайда меймандар Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаянына, ата тегі мен әулет шежіресіне ден қояды. Елбасымыздың Қытай мұғалімі Чжоу Бай Сяомен алмасқан хаттарын көріп олар қатты таңырқады. Сол кезеңнің газетін мұқият қарап шықты. Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік рәміздері орналасқан экспозицияға назар аударды. Рәміздердің мән-мағынасына қатысты меймандар тарапынан біраз сұрақтар қойылды. Алтын залдағы елорда тарихымен танысарда айтулы күндер мен оқиғаларға қатысты жолдаған сауалдары да аз емес. Астананың 20 жылдығында қала тарихымен Музей ғимаратында қауышқан аса маңызды. Себебі, ол – жас қаланың қалыптасу үдерісінен сыр шертетін бірден бір ғимарат. Оның ішкі көрінісі сол кезеңнің саяси атмосферасын толықтай бейнелейді, - деп Күләйша Қабдуалиқызы сөзін түйіндеді.

Кездесуден естелік ретінде делегация мүшелеріне Елбасы кітапханасының Музейі туралы кітаптар тарту етілді.