ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ РУСЛАН ҚАЗАҚБАЕВ ЖАҢА МУЗЕЙМЕН ТАНЫСТЫ

Елімізге жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев делегация мүшелерімен бірге Тұңғыш Президент музейімен танысты. Оларды қарсы алған мекеме директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рақымжанов көрме залдарын бірге аралап, мәртебелі меймандарға жаңа ғимараттың заман талабына сай мүмкіндіктерін көрсетті. Экспозицияларды аралаған қонақтар қос өркениеттің ұқсастықтарын тілге тиек етіп, мәдени жәдігерлерге зор қызығушылық танытты.

  

– Бас қалаларыңызбен алғаш танысып жатырмын. Сапар барысында Тұңғыш Президент музейін тамашалаудың сәті түскеніне қуаныштымын. Делегациямыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігіне ризашылығын білдіргісі келеді. Бұл кездесуден терең әсер алдық. Жер бетінде көшбасшылардың есімімен аталған музей, кітапхана, орталық сынды мекемелердің көп екені рас. Мәселен, көпке белгілі Әзербайжандағы Гейдар Әлиев орталығы, Сингапурдағы Ли Куан Ю музейі сияқты мәдени орындар қалың жұрттың көзайымына айналып отыр. Дәл сол сияқты Елбасының музейіне көп ұлтты жергілікті халық та зәру. Алайда ұлт игілігі үшін тұрғызылған ғимараттың көзге түсер маңызды ерекшелігі бар. Ол ерекшелік мазмұнында жатыр. Музей экспозициялары Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегімен қатар қазақ халқының көп ғасырлық тарихын қамтиды. Соңғы технологиялардың көмегімен ұлт шежіресінің тамыры мен үрімін бейнелейді. Танымды деректер жергілікті өскелең ұрпаққа да, өзіміздей шетел азаматтарына да қызық. Шетелдік делегациялардың қатарынан жаңа ғимараттарыңыздың табалдырығын алғаш боп аттағанымызға қуаныштымыз. Қазақ пен қырғыз халықтарының тегі бір болған соң, бауырлас ұлт ретінде сіздерге әрдайым тыныштық пен игілік тілейміз, - деді Руслан Айтбайұлы.

Тілектер кітабына естелік қалдырған ол: «Музей басшылығы мен ұжымына зор алғысымызды білдіреміз. Көп ұлтты қазақ елінің бейбітшілігі мығым болғай!», - деп жылы лебіз танытты. Кездесу соңында қырғыз делегациясына Елбасы кітапханасының тартулық басылымдары табысталды.