«Тәртіпке бағынған құл болмайды». 20 жылдан бері бұл ақтаулық Қуаныш Қошаев үшін бұлжытпас қағидаға айналған. ІІ шенді капитан әскери теңіз күштерінде тыныш ұйқымызды күзетеді. Оған еліміздің теңіздегі шебін қорғау міндеті артылған. Тәжірибелі маман Каспий теңізінің аумағында сақшылық қызметін атқаратын 4 кемені басқарады. Жауапкершілік жүгін сезінген әскери жауынгерлік дайындығымен қатар білімін де шыңдайды. Кеме командирі әуелі қарауындағы жас әскерилерге және үйіндегі 3 ұлына үлгі болуы тиіс.

– Еліміздің қауіпсіздігін күзету әрбір әскериден қырағылықты талап етеді. Жедел жаңаратын жаңа технологияларды меңгеріп, ақпарат аясынан сырт қалмауымыз қажет. Біліп-түйгеніміз мол болса, жас әскерилермен бөлісетін тәжірибеден кенде қалмаймыз. Сондықтан әскери білімімді магистратурада жетілдіруді ұйғардым. Оқу жоспары бойынша Елбасы кітапханасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарын тыңдадық. Мазмұнды әрі танымдық екі күндік дәрістер арқасында әртүрлі саланың тынысымен терең таныстым. Жаңа мәліметтердің барлығы қызметімізді мінсіз атқаруға және жауынгерлерімнің бойына отаншылдық рухты сіңіруге септеседі, - деп өзінің әсерімен кеме командирі Қуаныш Нұрлыбаев бөлісті.
Игі дәстүрге айналған «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына алғаш рет еліміздің қарулы күштері әскерилері қатысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары мен оқытушылары «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына, «Әлем. XXI ғасыр» манифесіне үңілді. Теориямен қамданған әскерилер Кітапханадағы жәдігерлердің тарихын тереңнен зерделеді. Олардың айтуынша, қорғаныс қабілетін нығайту, айбынды әскеріміздің әлеуетін күшейту қосымша білім мен біліктілікті қажет етеді.
– Сержанттан бастап бригада генералына дейінгі әскери қызметкерлер «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарына қатысты. Олар еліміздің әртүрлі өңірлерінен келгендіктен, кейбірі Елбасы кітапханасының табалдырығын алғаш рет аттады. Дәрістердің деңгей өте жоғары. Бұл семинар біз үшін өнеге, оның мазмұны мен ұйымдастырылуын мықтап қаперге алдық. Келешекте рухани ордамен ықпалдастық нығаятынына үміттіміз, - деп өзінің тілегін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті бастығының ғылым жөніндегі орынбасары Мұхтар Серіков.
– Екі күндік дәрістер біздің әскери салаға ауадай қажет. Халықтың берік қорғанына айналған әскерилер жан-жақты ақпаратпен қамданғаны абзал. Құқықтық, экономикалық, саяси жаңашылдықтар әскерилердің отансүйгіштігін арттыруға, еліміздің бүгінгі бағыт-бағдарын екшелеуде қолғабыс етпек. Оқу ордамызда дәл осындай семинарлар өткізілмейді. Қызметіміздің ерекшелігіне сәйкес «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын көбіне ақпараттық қауіпсіздікті нығайту тұрғысында қарастырамыз, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми қызметкері Манасбай Қожанұлы.

Ел тыныштығын қорғайтын құрлық әскері, әуе қорғанысы және әскери теңіз күштері өкілдерінің жауапты жұмысына Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков сәттілік тіледі.
