ҚҰЖАТСЫЗ ТАРИХ ЖОҚ. ЕЛБАСЫ ЖЕКЕ АРХИВІНІҢ ЖАҢА ТҮСІМДЕРІ ТУРАЛЫ

Көпұлтты Қазақстан халқының рухани құндылықтарын сақтау және қолдану жұмыстары еліміздің мемлекеттік және мәдени құрылысының маңызды бөлшегі ретінде қаралады.

Президенттің Жеке архиві құжаттарынан мемлекет пен қоғам қызметінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени бағыттарын көруге болады. Осындай қазыналы ортада Қазақстанның қазіргі саяси тарихының бірегей құжаттары ерекше орын алады.

Үстіміздегі жылдың 10 қазанында Президенттің Жеке архивіне тапсырылған М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кітапшасы Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» пьесасының қойылымына арналған.

Драма желісі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқынға түскен жапондық бозбаланың тағдыры мен тарихының негізінде құрылған.

«Ақтастағы Ахико» – кеңес заманында жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, 17 жасында қайғы-қасіретке толы Қарлаг қабырғасына тап болған жапон баласының тағдыры туралы қойылым. Оның жастық шағы осы жерде өтті. Бостандыққа шыққан соң Қарағанды маңындағы Ақтас қаласына тұрақтайды. Бірнеше жылдан кейін Ахико тарихи отанына барып, әкесі, бауырларымен кездеседі, көп ұзамай Қазақстанға қайтып оралады.

Елбасымыз 2016 жылдың 8 қарашасында Жапония Парламентінде сөйлеген сөзінде Ахиконың тағдыры туралы айтқаны есімізде.

«Хокайдо тұрғыны 15 жасар Ахико Тецуро әскери тұтқындармен бірге КСРО-ның халық жауы ретінде ешқандай кінәсі болмаса да он жылға жазаға тартылады. Басқа жапондық әскери тұтқындармен бірге жазасын өтеп, Қазақстан жерінде он жылын өткізіп, абақтыдан 24 жасар жігіт болып шығады… 50 жыл өткен соң Ахико тарихи отанына оралып, туған-туыстарымен кездесті. Туыстары қанша үгіттесе де көнбей, отаным деп санайтын Қазақстанға қайтып оралды», – деді Қазақстан Президенті жапон депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде.

«Ақтастағы Ахико» қойылымы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналғаны өте орынды. Себебі, онда еліміздің мәдени және тілдік көптүрлілігін сақтау, достықты, ұлтаралық толеранттылықты нығайту туралы айтылған. Драманың басты идеясында қазақ халқының кеңпейілділігі мен құт-береке қонған қазақ жерінің қонақжайлылығы жайлы баяндалады.