Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес, шілденің үшінші жексенбісі Металлургтер күні болып бекітілді.
Мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды рөл атқарып келген металлургия саласы бүгінде де өндірістің қозғаушы күші болып отыр. Жұмысы күрделі кәсіптің мамандары біліктігімен зор абыройға ие. Бұл ақиқатқа домна пешінің қызуымен мінезі мен болмысын шынықтырған Елбасының өзі дәлел.
Тұңғыш Президенттің еңбек жолы металлургия саласынан бастау алғаны көпке мәлім. Атаулы мереке қарсаңында біз Елбасының жеке архиві мен Елбасының кітапханасында сақтаулы тұрған құжаттар мен басылымдарды оқырмандар назарына ұсынбақпыз.
1960 жылғы 3 шілдеде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы, бірден бір домна пеші іске қосылған болатын. «Қазақстан Магниткасы» саналатын Қарағанды металлургия зауытының алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі мамандармен қатар жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
«Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында тарихи оқиғаны Елбасы былай сипаттайды:
«1960 жылғы 3 шілде, жексенбі.
Мыңдаған құрылысшы мен металлург мамандар, шақырылған қонақтар Вадим Романовтың ауысымын толғана бақылап тұр.
Түскі үштен жеті кеткенде аға көрікші Николай Набиуллин электр бұрғысын іске қосты. Тесік қашалды. Жыра бойымен лапылдаған ағын, Қазақстанның алғашқы шойыны жүрді!».
«Қарметте» алапат ыстықтан мұрны қанап, күрделі жұмысқа шыдай алмаған жастарға қарағанда өзге мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің көрікшісі, домна цехының дипетчері мен газшысы болып жұмыс істеген Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерінің де, басшылығының да көзіне түседі.
Алдыңғы қатарлы маман әрі комсомолдың мүшесі болған Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберілді. Өз саласының үздігі деп мойындалған оның суреті орталық баспасөзде жарияланып, есімі кең тарай бастады. Жас металлургтың абыройы мен беделі әріптестерінің арасында да, қоғам арасында да арта берді.
Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқыған ол Теміртаудағы Қарағанды металлургия зауыты жанындағы жоғары техникалық оқу орнына түсіп, білімін инженер-металлург дипломымен тәмамдайды. Оқуда да, қоғам өмірінде де ылғи алдыңғы қатарда жүрген Назарбаевтың көпшілдігі, өзгелерді қанаттандырып, қызықтыра білетін қасиеті бағаланып, комсомол мен партия жұмыстарына жетекші болу ұсынылады.
Металлургия саласындағы еңбек өтілінің айлықпен бірге қысқаратынына байланысты Н.Назарбаев бұл ұсынысқа бастапқыда келіскісі келмейді. Алайда қарапайым халықтың мүддесіне құлақ салып, айтылған арман-тілектердің негізінде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге оның құштары тез оянады. Жұрттың бұйымтайын мұқият тыңдауда, адамдардың есімі мен әңгімесін есте сақтауда Елбасының қабілеті мықты болғанын бірге жұмыс істеген жандардың көбі еске алады. Олардың айтуынша, Н.Назарбаев мәселені шешуде жағдайды егжей-тегжейлі сұрастырып, түбегейлі зерттеу арқылы зор жанашырлық танытатын.
Кейін, тәуелсіз Қазақстанның Президенті болған тұста Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жауыртаудан шыңдап шыққанын, Теміртаудың жастығының, ар-намысының қаласы болғанын жиі айтатын:
«Теміртау – алтын бесігім. Магнитка мен Теміртаудың тарихы да, қала тұрғындарының тағдыры да менің тағдырыммен біртұтас... Ал металлургия – менің мектебім. Біз, металлург мамандар, алаулаған отты бағындырамыз. Ал мұндай іс қатаң тәртіпті, батылдықты, дәлдікті, біліктілікті талап етеді. Бұл жерде жанарыңды басқа жаққа бұруға, жалған сөйлеуге, жолдасыңның сенімін жоғалтуға болмайды. Бұл – осы уақытқа дейін маған бағыт беріп келе жатқан өмір мектебі. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім».
Елбасының арқасында еліміздегі металлургия кешенінің кәсіпорындарына жаңа технология мен техникалық жарақтандыру белсенді енгізілді. Өндірістің көлемін ұлғайтуда қабілеті жоғары кәсіби мамандар еңбек етеді. Металлургия кәсіпорындарының тиімді жұмысы саланың дамуына, жерлестеріміздің өмір сүру деңгейін арттыруға үлкен үлесін қосады. Бұл өзгерістерге, саланың құрылуы мен дамуына тоқталған авторлардың еңбегін Елбасы кітапханасының сөрелерінен табуға болады.
Қорда сақтаулы тұрған қос тілді басылымдардың тізбегі «Қазақстанның құрыш келбеті» / «Стальной профиль Казахстана» (1985) атты Елбасының еңбегінен бастау алады. Бұл қатарға «Теміртау» / «Темиртау» романы (З.Шашкин, 1984), «Қазақстан Магниткасы» / «Казахстанская Магнитка» фотоальбомы (А.Шапоров, 1985), «Зауыттың баяғы сол өтелі...» / «Та заводская проходная...» (2008), «Металлмен шыныққандар» / «Закаленные металлом» (Л.Ежевский, В. Жандаулетов, 2010), "Теміртау қаласы мен Қазақстан Магниткасының жылнамасы» / «Летопись города Темиртау и Казахстанской Магнитки» ( Г. Айсанова, Л. Байкенжина, Л.Малыхина, 2010), «Магнитка - Алтын бесігім» / «Колыбель моя – Магнитка» (С.Ахметов, Ә.Әбдәкімов, 2010) кіреді.
«Создание и развитие черной металлургии в Казахстане» (Д.Шаймуханов, 1981), «История цветной металлургии Казахстана» (Ж.Смаилов, 2011) сынды кітаптар еліміздегі метталургия саласының пайда болу тарихына шолу жасайды. «Металлурги Балхаша: историко-производственный очерк производственного объединения "Балхашцветмет"» (С. Каукербекулы, 2003) кітабы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан тау-кен комбинатының құрылысын келтіретін болса, «Қызыл көпірдегі кездесулер: очерктер кітабы» (Т.Спаев, 2010) кітабы Днепродзержинск метталлургия комбинатында қызмет еткен қандастарымыздың тағдырын баяндайды.
Ал «Наша Магнитка. Антология Всесоюзных ударных комсомольских строек» (Б. Марышев, 1983), «Магнитка Казахстана» (А. Шапоров, В.Бондаренко, 1983), «Қаратау мен Алатау аясында» (Т.Хамзин, 2000), «От ішінде өткен отыз бес жыл» (Е.Баратбаев, 2000), «Теміртау» (К.Серікбаева, А.Атабек 2006), «Казахстанская Магнитка: Время. Люди. Судьбы» (2012), «Темиртау: подвиг в степи» (В.Могильницкий, 2015) сынды басылымдар Қазақстан Магниткасы аталған Қарағанды металлургия комбинатының тағдырынан сыр шертеді.
– Бұл сала – менің шыңдалып шыққан жерім, өзім үшін, отбасым үшін орны ерекше ыстық. Оны ар-намысымыздың ордасы десек, замандастарымызды «құрыштан туған ұрпақ» деуге толық негіз бар. Жастарға металлург атансаңдар, кем болмайсыңдар дегім келеді. Бұл – ерлердің мамандығы, - дейді Елбасы.
Иә, мыңдаған градус ыстықта шойын шайнап, болат бүрку – құрыштан туған ұрпақтың ғана қолынан келетін ерлік екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ…



