Елбасы саясатының тың бастамалары: бес институционалдық реформаны қазақстандықтардың - 85,4%, Мәңгілік Ел идеясын - 94,2%, Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы бағдарламасын - 80,7% қолдайды. Бұл деректер Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің (одан әрі - ҒСК) 3 наурыз күні Елбасы кітапханасында өткен кеңейтілген мәжілісінде айтылды.
Аталған кеңес ҚХА қызметіне ғылыми-сараптамалық қолдауды жүзеге асырады, сондай-ақ ел бірлігі, Қазақстандағы қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты зерделеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Мәжілістің мақсаты – Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасының басты ережелерін түсіндіру бойынша бірыңғай тәсілдерін әзірлеу.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА ҒСК төрағасы Ералы Тоғжанов өз сөзінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыруға ықпалдасатын этносаралық және конфессияаралық қатынастардың «қазақстандық моделін» іске асырудағы табыстарын атап өтті. Ералы Тоғжанов:
– Біздің елдегі қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық пен достықтың «қазақстандық үлгісімен» танысып, тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға 24 елден өкілдер келді. Қазіргі әлемде Қазақстанның өзіндік орны бар. Біздің қоғамдағы этносаралық татулықтың арқасында Қазақстанды барша әлем таныды, – деді.
Мәжілісте жаңа стратегиялық құжаттардың басты ережелерін тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейде Ассамблеяның ғылыми қауымдастығын тарту, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда ғылым, білім беру және мәдениет қайраткерлерінің зияткерлік әлеуетін кеңінен пайдалану мәселелері талқыланды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша ҚХА кафедраларының студенттер бойында азаматтық жауапкершілік пен қазақстандық патриотизм рухын қалыптастырудың оқу-тәрбиелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ұсынымдар әзірленді.
Іс-шараға ҚХА ҒСК мүшелері, өңірлердегі ғылыми-сараптамалық топтар, республиканың ЖОО ҚХА кафедраларының меңгерушілері қатысты.
Бұл мәжілістің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекелеудің күнтізбесі бойынша бекітілген наурыз айы - «Болашағы бірегей ұлт. Ұлы дала дәстүрлері» атауымен іс-шараға сәйкес өткені тегін емес.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы кітапханасына 50 аса кітапты сыйлады. Олар – біздің Елбасы, ҚХА қызметі туралы жазылған кітаптар мен тарихи-деректі басылымдар және көркем шығармалар.
