КҮН ТӘРТІБІНДЕ: ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор, Ғылыми кеңес төрағасы Әмірхан Рахымжановтың төрағалығымен Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырысты ашқан Әмірхан Мұратбекұлы күн тәртібіне сәйкес қаралатын мәселелерді жариялады.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасарлары К.Ақтаева мен Б.Қайыпова, жетекші ғылыми қызметкер Ә.Оспанова, ғылыми қызметкерлер Г.Атабаева, Қ.Өзенбаева баяндама жасады.

    

Ғылыми кеңес мүшелерінің талқылауы мен ұсыныстарынан кейін «Знаки высокого призвания» атты каталог баспаға ұсынылды. Бұл Елбасы кітапханасының сақтау қорындағы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық наградаларының топтамалары туралы мәліметтер жиналған, толықтырылған, көрнекі, үшінші каталог. Анықтамалық-ақпараттық баспа төрт бөлімнен тұрады: Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалары, КСРО-ның қоғамдық наградалары, шет мемлекеттердің қоғамдық наградалары және «Қаланың (облыстың) құрметті азаматы» атақтары.

Ғылыми кеңес ұсынған Елбасы кітапханасы басылымдарының ішінде «Нұрсұлтан Назарбаев: Көшбасшылық стратегиясы» халықаралық конференциясының жинағы; «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Жеке архиві қоры бойынша жолкөрсеткіш». 3.1-тарау; «Заманауи Қазақстан» ғылыми жобасының «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшылық феномені» ғылыми бағдарламасы аясында дайындалған «Бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жасампаз идеялары» альбомы; «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы және ұлтаралық және конфессияаралық әрекеттестік негізі ретіндегі жаңа қазақстандық патриотизм» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында әзірленген «Қазақстан халқы Ассамблеясы: татулық пен тұтастық - еліміздің мызғымас тұғыры» альбомы; «Музей сабақтарының жинағы. 2018-2019 оқу жылы» бар.