«ҚСЗИ GPS» САРАПШЫЛАРЫ АЗАМАТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

2022 жылдың 17 мамырында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ОКҚ алаңында «Референдум: азаматтардың конституциялық құқықтары» тақырыбындағы «ҚСЗИ GPS» ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысын өткізді. Пікірталас алаңында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов модераторлық жасады.

Конституциялық өзгерістердің маңызды бағыты адам құқықтары, оларды қорғаудың және заңдылықты сақтаудың жаңа тетіктері болып табылады. Конституцияға енгізілетін түзетулер құқық қорғау тетіктерін елеулі түрде күшейтуді болжайды. Бұл ретте адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктері мен тетіктері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Конституциялық сот сияқты құқық қорғау институттарының мәртебесі Конституцияда ең жоғары деңгейде бекітіледі.

«ҚСЗИ GPS» ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысын аша отырып, Еркін Тұқымов ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнаманың деректеріне сәйкес қазақстандықтардың 76,4%-ы Президент  Қ.К.Тоқаевтың конституциялық реформалар бойынша жалпы республикалық референдум өткізу туралы бастамасын қолдайтынын атап өтті.

«Бүгін біз ҚСЗИ-дің кезекті сараптамалық алаңын референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының жұмысы аясында өткізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын Президент қызметіне кірісіп, мемлекеттің барлық маңызды мәселелері Қазақстанның барлық азаматтарының пікірін ескере отырып қана шешілетінін мәлімдеді.   Сол сәт келді. Үш аптадан аз уақыттан кейін 27 жылда алғаш рет жалпыұлттық референдум өтеді. Бізге Атазаңымызға енгізілетін маңызды түзетулерге қатысты дауыс беруіміз керек. Сондықтан мемлекет басшысы референдум туралы жариялағаннан кейін бірден ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ 9-12 мамыр аралығында телефон арқылы «Қазақстандықтардың конституциялық реформалар мен референдумға көзқарастары» сауалнамасын жүргізді. Әлеуметтанулық сауалнамаға Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 17 облыстан 1200 респондент қатысты. Нәтижелер көрсетіп отырғандай, қазақстандықтардың басым көпшілігінде болып жатқан өзгерістердің маңыздылығы жайлы түсінік бар. Мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 70%-ы 2022 жылы 5 маусым күні жалпы республикалық референдум өткізілетіндігі туралы хабардар, ал 18 жастан асқан қазақстандықтардың 66,4%-ы оған қатысуға ниетті», – деп атап өтті институт басшысы.

Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың айтуынша, Конституциялық түзетулердің ұзаққа баратын нәтижелері көп. «Статистика бойынша азаматтардың 70%-ы конституциялық түзетулерді қабылдайды, яғни жалпы қолдау бар. Енді осыны іс жүзінде бекітейік. Біз өз мүмкіндіктерімізді нығайтатын өзгерістер үшін дауыс береміз. Сондықтан мен баршаңызды республикалық референдумға қатысуға шақырамын. Конституциялық түзетулердің ұзаққа баратын нәтижелері көп. Біз билік өкілдерінің таңдауға деген жауапкершіліктерін тәрбиелеуіміз керек, біз шешімнің нұсқаларын дұрыс таңдауды және әрі қарай қалай өмір сүруді үйренуіміз керек», – деді сарапшы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірасұлов Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасының басты құндылықтары адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы деп жазылғанын атап өтті. «Бұл қағидат мемлекеттің барлық қызметі бір мақсатқа – Қазақстан халқының игілігі үшін бағындырылуы тиіс дегенді білдіреді. Бұл да конституциялық реформаның басты жолдауы. Мемлекеттік механизм қоғамнан бөлек өздігінен өмір сүрмейді. Қазақстан Конституциясының 2-бөлімінде Қазақстанда кепілдік берілген адам мен азаматтың барлық құқықтары қамтылған. Тиісінше, реформалар адам құқықтары мен бостандықтарына әсер етеді. Конституциялық соттың құрылуының маңызы зор. Конституцияға сәйкес барлық құқықтар мен бостандықтарға кепілдік беріледі және жүзеге асырылады, бірақ кейде кейбір құқықтық актілер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді. Мұндай жағдайларда Конституциялық сот әділеттелікті қалпына келтіруге қабілетті сот төрелігінің жоғары нысаны ретінде әрекет етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту өте маңызды. Адам құқықтарын бұзу фактілеріне Омбудсменнің реакциясы өте маңызды. Кейбір жағдайларда Уәкіл сот төрелігін орнату үшін Конституциялық сотқа жүгіне алады», – деді Ермек Әбдірасұлов.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры Арыстан Ақпановтың айтуынша, түзетулер жобасында институционалдық реформаларға басымдылық беріледі. «Конституциялық реформа – эволюциялық әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің тұғырнамасы ретінде жаңа Қазақстанның құқықтық жүйесінің негізгі элементі. Түзетулер жобасында процессуалдық емес, құқықтық жүйенің институционалдық реформаларына басымдық берілгенін айта кеткен жөн», – деп бөлісті сарапшы.

Саясаттанушы Тимур Шаймергенов референдум демократиялық қағидаттарға сәйкес келеді деп есептейді. «Конституциялық түзетулерден кейін, мемлекет “халық үніне құлақ асатын” ғана емес, тыңдайтын және ұдайы түрде жауап беретін болуы тиіс. Жалпы референдум тікелей демократия қағидаттарына сәйкес келеді. Барлық реформалар азаматтар өміріне ықпал етеді. Сондықтан алдағы реформалардың нәтижелі болуы азаматтардың белсенділігіне байланысты», – деді Тимур Шаймергенов.

ҚР Конституциясына түзетулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова екінші республикада біздің өмірімізді әділдік, заң, тәртіп және бірлік анықтайтынын атап өтті. «Әділ мемлекет – тең мүмкіндігі бар мемлекет. Ал мұндай мүмкіндікті еліміздің әрбір азаматына жаңартылған Конституция береді», – деп есептейді Индира Әубәкірова.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева референдум қазақстандықтардың еліміздің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретінін атап өтті. «Мемлекет басшысы қоғам тарапынан жаңа қайта құруларға деген сұранысты сезіне отырып, азаматтардың өздеріне республиканың болашағын анықтауға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады. Референдум өткізу әрбір қазақстандыққа елдің саяси құрылымын одан әрі дамытуға, жеке үлес қосуға және билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың мүлдем жаңа жүйесін анықтауға мүмкіндік береді», – деп есептейді сарапшы.

М.С.Нәрікбаев атындағы  ҚазМЗУ Экономика жоғары мектебінің доценті, PhD докторы Икболжон Корабоев реформалардың заңды өту маңыздылығына тоқталып өтті. «Конституциялық реформалар заңдылықтың үш аспектісіне, атап айтқанда демократиялық, құқықтық және ғылыми өлшемшарттарға сәйкес келуі керек. Сонда ғана Конституцияны өзгерту тиімді және пәрменді демократиялық құқық пен конституциялық тәртіпті орнатуға ықпал ететін болады», – деп бөлісті ол.

Ассоль Мирманованың пікірінше, референдумға шығарылған және билікті орталықсыздандыруға бағытталған реформалар мемлекеттің тұрақтылығын атқарушы билік халықтың сұранысына жедел және алдын ала жауап беруі арқылы арттырады.

БАҚ-ты дамыту қорының болжау және зерттеу бөлімінің басшысы Әлішер Тастенов Конституциялық өзгерістер мемлекет пен қоғам өмірінің негізгі салаларын қамтитынын баса айтты. «Бүгінде Қазақстан тарихи дамудың табалдырығында тұр. Конституциялық сот азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беруге бағытталған. Азаматтар тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алады. Конституциялық кеңестің Конституциялық сот болып қайта құрылуы әрбір азаматтың өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болуына ықпал етеді. Референдумға шығарылатын барлық конституциялық өзгерістер халықтың әділетті Қазақстан құруға сұранысы ретінде ұсынылып отыр. Конституциялық сот осы тұрғыда еліміздің барлық құқықтық және сот жүйесінің негізі болады», – деп атап өтті сарапшы.

Өз кезегінде, ҚР Президенті жанындағы  ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Конституцияға енгізілген түзетулер адам құқықтарының тетіктерін айтарлықтай күшейтуді де көздейтінін атап өтті. «Адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктері мен тетіктері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық сот сияқты құқық қорғау институттарының мәртебесі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі. Адам құқықтарын қорғау – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бас прокурордың басты міндеті. Заңсыздыққа, заңнаманың жетілдірілмегендігіне тап болған азаматтардың өтініштері мен шағымдары негізінде олар заңдардың, заңға тәуелді актілердің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішпен тікелей Конституциялық сотқа жүгінетін болады», – деді Алуа Жолдыбалина.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров қорытындылай келе жастардың саясат саласындағы әлеуметтік қатынастарды реттейтін нормалардың нақтылығы мен айқындығын күтетініне тоқталды. «Қазақстандық жастардың құндылық бағдарлары көбінесе ымырашылдық парадигмасына бағытталған. Бұл фактор биліктің өкілеттігін орталықсыздандыру және билік тармақтарының тепе-теңдігі қағидаттарына негізделген алдағы конституциялық реформаның сипатына да әсер етті деп айтсақ артық болмайды» – деп санайды Ермек Тоқтаров.