Жуырда ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, электрохимия саласындағы ірі қазақстандық ғалым Мұрат Жұрынов 80 жасқа толды.
Мұрат Жұрынұлы АҚШ, ГФР, Ұлыбритания және басқа елдерде патенттелген көптеген өнертабыстардың, әдістер мен тәсілдердің авторы. Ғалым жұмысының нәтижелері үлкен экономикалық тиімділікпен өндіріске енгізілді. Мұрат Жұрынов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына зор үлес қосқан жас ғалымдардың тұтас шоғырын тәрбиеледі.
Мұрат Жұрынұлы 1941 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1964-1966 жылдары ҚазХТИ (Қазақ химия-технологиялық институты) оқытушысы болып жұмыс істеді. 1970 жылы Мәскеу химия-технологиялық институтының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1970-1982 жылдары ҚазХТИ-дің «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» кафедрасында , аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып жұмыс істеді. Кафедра жанынан органикалық қосылыстардың электрохимия зертханасын құрып, аспирантура ашты.
Ол органикалық қосылыстардың түрлі кластарының электрохимиялық қасиетін зерттей жүріп, белгілі дәрілік және жаңа физиологиялық белсенді заттарды электрохимиялық синтездеудің жаңа әдістерін әзірледі. М.Жұрыновтың зерттеулерге деген терең әрі тұрақты көзқарасы бірқатар маңызды теориялық және технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде электрохимиялық реакциялардың механизмдер орнатылды, мақсатты өнімдердің электр синтезіне арналған технология әзірленді және өнеркәсіптік қондырғылар құрылды.
1981 жылы ол Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғап, сол жылы профессор ғылыми атағын алды.
1982 жылдан бастап Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры болып жұмыс істеді. Сол жылы «КСРО Жоғары мектебінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1985-1991 жылдары ҚазКСР ҒА Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры міндетін атқарды.
1989 жылы ҚазКСР ҒА мүше-корреспонденті болды.
1991-1995 жылдары Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры болған тұста, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі атағын алды.
1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Білім министрі, 1997-2001 жылдары Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің президенті болды. 2001-2007 жылдары – ҚР БҒМ Д.В. Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия институтының» директоры.
2003 жылы ҚР Ғылым, техника және білім беру саласында Мемлекеттік сыйлығын алып, ҚР Ұлттық Ғылым академиясын басқарды.
2010 жылдан 2014 жылға дейін – Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры.
2013 жылдан бастап «Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты» АҚ Бас директоры.
М.Жұрынов Халықаралық жоғары мектеп академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Джорджтаун және Токио, сондай-ақ басқа да университеттер: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ Құрметті профессоры, Д.И. Менделеев атындағы РХТУ құрметті докторы, Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының шетелдік мүшесі, Қырғыз Республикасы ҰҒА құрметті мүшесі, Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының президенті.
М. Жұрынов АҚШ, ГФР, Ұлыбритания және басқа да шет елдерде патенттелген 92 өнертабыстың, әдіс-тәсілдердің авторы. Жұмыстың жекелеген нәтижелері үлкен экономикалық тиімділікпен өндіріске енгізілді. Отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған 770-тен астам ғылыми еңбектері, оның ішінде 20 монографиясы, 143-ке жуық авторлық куәліктері мен патенттері бар. Оның ғылыми жетекшілігімен 40-қа жуық ғылым кандидаттары мен PhD-докторлары, 6 ғылым докторлары қанат қағып, олардың ішінен ҚР ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері сайланды.
Оның басшылығымен ҚР ҰҒА ғылым бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама дайындайды және оны ҚР Үкіметі мен Президент Әкімшілігі жанындағы ЖҒТК мақұлдағаннан кейін шығарады. ҚР ҰҒА әлемнің 73 жетекші елінің ұлттық кітапханаларына таралатын және Орталық Азиядағы ең беделді журналдар болып саналатын Elsevir-Scopus базасына кіретін 8 академиялық журналды (1946 жылдан бастап) шығарады.
М. Жұрыновтың Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Ол Түркістан қаласындағы ірі университетті құрып, дамытты. Ол 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен ашылған Қ.А. Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры болды. Оның бастамасымен бұл университет Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болып қайта құрылды. Бүгінде бұл оқу ордасы республиканың жетекші университеттерінің біріне айналды. Оның басшылығымен Түркістанда заманауи университет қалашығы салынды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жарыққа шығарған «Біз білетін Елбасы» басылымының екінші томында М.Жұрыновтың осы іс-шара туралы естелігі және университеттің халықаралық тұсаукесерінің архивтік фотосуреттері бар, оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Т. Озал қатысқан.
Мұрат Жұрынұлы «Парасат» ордені, ІІІ, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «КСРО өнертапқышы» медалімен және Қазақстан Республикасының медальдарымен, бүкілодақтық және республикалық органдардың құрмет грамоталарымен, Түркі әлемінің халықаралық сыйлығымен (Анкара, 2001 ж.) марапатталған. Ғылымдағы жетістіктері үшін Франция ғылыми-өндірістік қоғамының (Париж, 2003 ж.) және Украина ҰҒА «Золотая фортуна» қоғамының алтын медальдары (2006), Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының Құрмет белгісі және РФ «Разум, честь и доблесть» атты орденімен (Мәскеу, 2013 ж) марапатталған. Токио университетінің алтын медалінің (2001), В.И. Вернадский атындағы РЖҒА күміс медалінің, Петр Капица атындағы алтын медальдің (2019) иегері. Оңтүстік Қазақстан облысының, Арыс ауданының, Арыс, Түркістан, Кентау қалаларының, сондай-ақ Кентукки штатының (АҚШ) Құрметті азаматы.
Елбасы кітапханасының кітап қорынан оқырман «Мұрат Жұрынов: Өнегелі өмір» (Ғ. Мұтанов) кітабын, М. Жұрыновтың редакциясымен шыққан ҚР ҰҒА басылымдары және академиктің БАҚ-та жарияланған мақалаларын таба алады.