ҚР ТЖМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ

1 және 4 наурызда Елбасы кітапханасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде «Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат – Біріккен Ұлттар Ұйымының №1325 резолюциясы» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

Семинардың мақсаты – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін нығайту және Мемлекет басшысының гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, қазақстандық әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және БҰҰ №1325 резолюциясының негізгі нормаларын түсіндіру.

–  Әлем тәжірибесі көптеген елдердің мемлекеттік саясатында гендерлік мәселелердің жиі туындайтынын дәлелдеді. Біздің еліміз де гендерлік саясатты қалыптастыру жолында айқын бағытты ұстанады. Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік алшақтық индексіне сәйкес, Қазақстан гендер саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары позицияға ие және ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік деңгейі жоғары елдер тобына кіреді. Дегенмен, гендерлік теңсіздік барлық мемлекетте тең сақталып жатқан жоқ. Дүние жүзінің көптеген бұрыштарында әйелдер мен қыздардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр. Сондықтан 20 жыл бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 1325 резолюциясын әзірледі. Ол қарар әлемдік қоғамдастықтың назарын гендерлік проблемаларға қайта аударады, сондай-ақ әйелдердің бейбітшілікті қолдаудағы, бітімгершілік және аталған жұмысты жандандыруға шақырады. Біздің еліміз гендерлік теңдік саясатын дамыта отырып, қазіргі гендерлік саясаттың маңызды элементтерінің бірі ретінде БҰҰ-ның бітімгершілік миссиялары үшін Қазақстанның ұлттық контингенті құрамындағы әйел әскери қызметшілердің санын арттыруды жоспарлап отыр, – деп атап өтті Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердағұлова өз дәрісінде.

Сонымен қатар, семинар барысында әйелдер әлеуетін дамыту, еңбек қызметінде, бизнесте, саясатта және мемлекеттік басқаруда ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндігіне жағдай жасау, ананы жан-жақты қорғау мәселелері талқыланды. Дәріс тыңдаушылары халықтық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді, гендерлік теңдік пен әлеуметтік мәселелерді тәрбиелеу және сақтау саласындағы жобалық қызметті модельдеу бойынша тренингтерге қатысты.

Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Тыңдаушылар өз пікірлерімен бөлісті:

Айдос Сыздықов:

–  Семинар тақырыбы өте маңызды деп санаймын. Сондықтан сабақтың барлық материалдары біз үшін өзекті және өте пайдалы болды. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, қазақстандық әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекет жүргізіп отырған саясатты іске асыруға ерекше назар аударылды.

Нұрсұлтан Нұрахметов:

–  Тыңдалған материалдар біз үшін жаңа сипатта танылды. Біз БҰҰ-ның №1325 резолюциясының маңыздылығы мен негізгі нормаларын қарапайым тілде әрі жан-жақты түсіндіргені үшін қуаныштымыз.

Жанагүл Мұқанова мен Анар Сабдинова тыңдаушылардың әйелдер бөлігі үшін гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдер әлеуетін дамыту аспектілерін талқылау ерекше қызықты болғанын атап өтті.