ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕ ПІКІР

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында Президент Қ.К.Тоқаев жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын таныстырып, елдің экономикалық және саяси өзгерістерінің негізгі бағыттарын жариялады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы елдегі жағдайды тұрақтандыру мен халықтың бейбіт өмірін қайта қалыпқа келтіруде уақытылы да оң шешімдерді қабылдады.
Айтылған бастамалар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарында қалыптастырған мемлекет моделінің әрі қарай дамытып, жаңартуға көзделген.
Біз қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын Президенттің мемлекеттік реформаларын толықтай қолдаймыз.
Біріншіден, экономика саласындағы өзекті мәселелерді шешуге нақты міндеттер қойылды. Мұның бәрі «Әуелі – экономика, содан кейін саясат» қағидасын аша түседі.
Қ.К.Тоқаев көптен бері шешімін таппай келе жатқан қоғам мәселелерін ашық та анық қозғап, тығырықтан шығатын жолдарды нұсқау арқылы мемлекеттік аппаратқа тиісті тапсырмаларды берді.
Бұл бастамалар әр ел азамтының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Халық ішіндегі барлық топ өкілдерінің табысы өседі. Сұйытылған газ бен бензиннің, сондай-ақ маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасы арнайы құрылған комиссияның бақылауына алынады. Инфляцияны төмендетіп, 2025 жылға қарай 3-4 пайыздық дәлізге қол жеткізу жөнінде тапсырма берілді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру ұсынылды. Оның қаражаты денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы күрделі мәселелерді шешуге бағытталады.
Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қарастырып, түбегейлі қайта құруға қатысты тапсырмаларының маңыздылығын атап өткен жөн. Бұл реформалар Қазақстанның Қарулы Күштерінің, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының, сыртқы барлау қызметінің жұмысына ықпалын тигізбек.
Қазіргідей күрделі кезеңде қоғамдағы тыныштықты, бірлік пен келісімді сақтауымыз  тиіс. Біз дамудың жаңа векторына еніп, бәсекеге қабілетті ел экономикасын құра аламыз.
Күшіміз – бірлікте. Бәріміз қиындыққа қарсы бірге жұмылсақ, кез келген сынақты игереміз!

Қазақстан Республикасының 
Тұңғыш Президенті –  Елбасын 
кітапханасының директоры
Б.Б.Темірболат