ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МАГИСТРАНТТАРЫНА АРНАЛҒАН ВЕБИНАР ӨТТІ

10-11 наурыз күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» кезекті вебинары өтті.

Вебинарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды зерделеуге, түсіндіруге және насихаттауға арналған мамандандырылған сараптамалық білім алаңы орнықты. Сабақ барысында теориялық материалдардан бөлек, дәрісте айтылған мәліметтерді бекітуге бағытталған жаттығулар өткізілді. 

Бұл жолғы іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдар академиясының магистранттары қатысты.   

«Вебинарға қатысуға мүмкіндік тудырған Елбасы кітапханасына алғыс білдіреміз. Келешек ұрпақ үшін дәріс тақырыбы өзекті әрі маңызды деп санаймыз. Мемлекет саясатын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан көптеген құқықтық нормалармен танысып, олардың тарихи мәнін ұғындық», – дейді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдар академиясының 2-ші курс магистранты Жанар Түкенова.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдан бастап Елбасы кітапханасы еліміздің студенттері мен оқушылары үшін екі күндік семинар-тренингтер ұйымдастырып келеді. Бүгінде осы жобаға 10 000-нан астам тыңдаушы қатысты. Семинар-тренингтердің тақырыбы жыл сайын қоғамдық-саяси күн тәртібіне сәйкес жаңартылып тұрады. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің, Семей полигонының жабылуының және алғашқы президент сайлауының 30 жылдығын атап өтеді, 2021 жылғы вебинарларда осы тақырыптар түгел қамтылған.