Үстіміздегі жылдың 21-22 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» семинар-тренингі өтті. Екікүндік іс-шара Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысынан келген 9-11 сынып оқушыларының басын қосты.

Елбасы кітапханасының семинар-тренингтері Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталып, Қазақстан өңірлеріне қанатын кең жайды. 2015 жылдың қазанынан бастап өткізіліп келе жатқан семинарлардың тақырыбы жыл сайын жаңарып отырады: былтырғы тақырып «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» болса, ендігі оқыту бағдарламасы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» стратегиялық мақаласы мен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына негізделіп отыр.

Дәріскерлердің бірі, Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердагулова іс-шараның басты мақсатын атап өтті:
– Биылдан бастап семинар-тренингтеріміздің бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Біз Елбасы мақаласының мән-мағынасын түсіндіріп қана қоймай, оны ең озық отыз мемлекеттің қатарына кіру мақсатында қойылған міндеттер аясында қарастырамыз. Жастармен Мемлекет басшысының соңғы Жолдауы мен жақында бекітілген 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды, тіпті, қазақ әліпбиінің жаңа үлгісін талқылап үлгердік. Осы тұста біз көбінде үндеулердің жас буынға жолданатынына тыңдаушылардың назарын аудартамыз. Себебі, әлемді өзгерту, жаңа Қазақстанды қалыптастыру – солардың қолында. Біздің ілгері дамуымыз олардың жауапкершілік деңгейімен, азаматтық ұстанымдары мен өмірлік белсенделіктерімен тығыз байланысты. Ал Елбасының үндеуіне деген жастардың оң көзқарасы бізді қуантады. Олар мақала мазмұнын терең ұғынып, өзгерістерді қажет ететін мәселелердің барын түсінеді. Жаңғыруға мұқтаж екенімізді мойындайды. Қазақстан жетістіктерін арттыра түсіп, оны озық мемлекеттер қатарына кіргізу үшін жастар сананы жаңғырту мен рухани баюдың, бәсекелестікке қабілетті болудың маңыздылығын ұғынуы қажет. Ал оларға сол ойды жеткізу – біздің басты мақсатымыз, - деп сөзін Сағынтай Кеңесқызы түйіндеді.
Дәрістерге қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы Новоишим орта мектебінің 11 сынып оқушысы Иван Федоров бізбен әсер бөлісті:

– Шыны керек, семинар-тренингтер басталмастан бұрын қобалжып, шамалы уайымдаған болатынбыз. Себебі, Президенттік кітапханада білім алу кез келгенге бұйыра бермейтін, зор жауапкершілікті талап ететін дүние. Алайда, іс-шара бастала салысымен уайымымыз сейіліп, дәріскерлеріміз бен бапкерлерімізге тәнті болдық. Олармен жұмыс істеп, жаттығу орындаудан ләззат алдық. Себебі, жоба әзірлей білу, көпшілік алдында сөйлеуге қабілетті болу – мақсатқа жетелейтін маңызды қасиеттер.
Қостанай облысы Дарынды балаларға арналған «Озат» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Алина Жақанова да іс-шараға қатысты ойын білдірді:

– Біз Елбасының 2018 жылғы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары жөнінде толық ақпарат алып, білім көкжиегімізді кеңейттік. Тренингтер барысында сындарлы пікір айтуды үйрендік. Елбасы кітапханасының Музейі мен Ұлттық музейді алғаш көріп, экскурсияларын ұнатып қайттық, - деді ол.
Оқу курсын тәмамдаған 52 қатысушылардың қатарында оқушылар мен делегация жетекшілері бар. Семинар-тренингтен естелік ретінде оларға кітаптар тарту етіліп, сертификаттар табысталды.

