Нағыз көшбасшылықтың сыры неде? Оның формуласын Елбасы кітапханасының қызметкерлері кейінгі толқынға паш етті.
«Көшбасшылық қасиетті дамыту» тақырыбындағы семинар-тренинг Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушыларын тоғыстырды.
- Мемлекет басшысы өмірбаянын зерттеуді одан әрі тереңдету және оның тұлғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпаққа насихаттау – Кітапхананың ғылыми-ағартушылық бағыттағы іс-шараларының басты мақсаты. Елбасы өзінің Жолдауында «Жастар – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегі. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек жастар үшін жасалуда. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деп атап өтті. Сондықтан өскелең ұрпақтың көшбасшылық қасиетін қалыптастыру, бойларына отансүйгіштікті ұялату – бізге жүктелген жауапты міндет, - деп семинар-тренингтің ашылу барысында тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова жастарға қарата айтты.
Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында өткен семинар-тренинг екі бөлімнен тұрды. «Әлеуметтік институттардың тұлғаның көшбасшылық қасиеті мен кәсібилігін қалыптастырудағы рөлі» ғылыми-білім беру жобасы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тағылымды өмірлік жолы негізге алынды. Бұл бағытта оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру үшін кездесулер, дебаттық турнирлер, элективті курстар мен сабақтар өткізіледі.
Семинар-тренингтің алғашқы бөлімінде балаларға «Елбасытану» элективті курсы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған маңызды құжаттар және іздестіру мәліметтері таныстырылды.
Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйля Омарова 2005 жылдан бастап Елбасының туған жері Алматы облысының Үшқоңыр ауылында, сонымен қатар білім алған және еңбек еткен Днепродзержинск (Украина), Теміртау, Қарағанды, Алматы қалаларындағы ғылыми-іздестіру экспедициялары барысында табылған құнды материалдарды паш етті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы мұрағаттар мен кітапхана қорларынан табылған және бұл уақытқа дейін көпшілікке беймәлім болған мәліметтер тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын оятты.
Оқыту шарасының екінші бөлімінде «Жастардың бойында көшбасшылық қасиетті дамыту» элективті курсының тақырыптық жоспарына сәйкес тренинг өткізілді.
Білім көкжиегін кеңейткен оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Олардың әрқайсысына «Біздің Президент» кітабы тарту етілді.



