Бүгін Елбасының кітапханасында астаналық мектептердің үздік оқушылары тоғысты. Олар «Көшбасшы-2017» атағын сарапқа салып, интеллектуалдық сайыста біліп-түйгендерін паш етті. Білім бәйгесі «Қазақстан жастарының конгресі» бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толуына орай және Елбасы кітапханасымен бірлескен шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттау және жан-жақты, дарынды оқушыларды анықтау.
– Елдегі жас азаматтардың креативті және сыни ойлау қабілеттерін дамыту – алдыңғы толқынға жүктелетін жауапкершілік. Бүгін интеллектуалды оқушылардың басын қосып, олардан жағымды қуат көзін алып отырмыз. Сайыстың Елбасы кітапханасында өтуінің өзіндік мәні бар. Мемлекет басшысының саяси өмір тәжірибесі, философиясы, жасампаздық идеялары – көшбасшылықтың таптырмас үлгісі. Жас зерттеушілер Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы» ғылыми-білім беру орталығындағы алты интерактивті үстел арқылы қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Жастармен жүйелі жұмыс жүргізу аясында Кітапхана мен Қазақстан жастарының конгресі түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Олардың бірі «Көшбасшы-2017» интеллектуалды сайысы жастардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады, - деп атап өтті «Көшбасшы-2017» интеллектуалдық сайысының ашылу рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев.

Жастар сайыста өздерінің білімдері мен дағдыларын сарапқа салады. Оның арқасында келешекте өзін-өзі дамытудың бағыттарын айқындауға жол ашылады. «Қазақстан жастарының Конгресі» ЗТБ директорының орынбасары Дәулет Аждардың пікірі осыған саяды.
– Елбасының тапсырмасымен «Қазақстан жастарының Конгресі» 2002 жылы құрылған. 15 жыл ішінде бірлестік кейінгі толқынның қамында түрлі бастамалар мен шараларға мұрындық болды. Жастар мен жастар ұйымдарына қолдау көрсету мақсатына Елбасы кітапханасымен бірлесе жұмылдық. «Көшбасшы-2017» сайысы жастар арасында байланыс көпірін нығайтып, кәсіптік бағдар беруді көздейді - деді ол.

«Көшбасшы-2017» сайысында Астана қаласындағы мектептердің 8-10 сынып оқушылары өзара бақ сынасты. Олар ойын тренингтері, интеллектуалды сайыс, көпшілік алдында сөйлеу және сұхбаттасу секілді негізгі 4 кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындады.
– Сайыс барысында мектеп оқушыларының барлық пәндер бойынша білімі тексерілді. Алайда қатты қобалжығаныма қарамастан, сұрақтар қатты қиындық тудырмады. Үшінші кезеңнен кейін іріктелген ондыққа кірмей қалсам, өзімді қамшылай түсемін. Сайысқа Астана бойынша таңдалған 31 оқушының қатарынан болу - мен үшін елеулі жетістік. Оны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді, - деп өзінің пікірімен №48 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Аружан Ақмұхамбет бөлісті.
Көшбасшылық қабілеттерді сынайтын тапсырмалар жастардың есте сақтау және креативті ойлау қабілеттерін анықтауға бағытталған. Ал «Public speech» кезеңіне барлық тапсырмаларды мінсіз орындаған 10 қатысушы жолдама алды. Олар ұйымдастырушылар дайындаған слайдтар бойынша презентацияларын көпшілік назарына ұсынып, тыңдаушылармен байланыс орнатудың үлгісін көрсетті.

– Көшбасшы – бұйрық беруші емес, көпшілікті артынан ерте алатын кеңесші. Оның өміршеңдігі «Көшбасшы-2017» интеллектуалды сайысының барысында дәлелденді. Байқау қатысушылардың бойындағы көшбасшылық қабілеттерді дамытуға, жаңа қасиеттерді бойға дарытуға ықпалын тигізеді. Тапсырмаларды орындау кезінде қабілеттерімізбен қатар жалпы білімізді сынадық. Осал жерлерімізді анықтап, өзімізді шыңдау арқылы жаңа белестерді бағындыруға жаңа күш-жігер алдық, - дейді дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің 10 сынып оқушысы Марғұлан Жұмағұлов.
Сайыс қорытындысы бойынша үштікті №62 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Аида Тәукелова, күміс жүлдемен Дарынды балаларға арналған "Зерде" мектебінің 10 сынып оқушысы Марғұлан Жұмағұлов марапатталды. «Көшбасшы-2017» атағы №70 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Айжан Төлебайға бұйырды.

– Интеллектуалдық сайыстың жеңімпазы атану - әркім үшін зор абырой. Бұл шараны қолдаған Елбасы кітапханасы жастардың өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға өзінің үлкен үлесін қосуда, - деп өзінің жеңісімен дарынды Айжан бөлісті.
Жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, соның ішінде іс-шара демеушісі «GPS-сағаттар орталығының» тарапынан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін GPS-смарт сағаттары сыйға тартылды.
