Бүгін еліміздің екі ірі мегаполисінен келген студенттер «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингін сәтті тәмамдады. Елбасы кітапханасы ұйымдастырған екі күндік оқу курсына Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің және Шымкент шаһарындағы Silkway Халықаралық университетінің студенттері қатысты.
Оқу бағдарламасы барысында Елбасы кітапханасының қызметкерлері қатысушыларға тағлымды дәрістер өткізіп, тәжірибелік сабақтар жүргізді.
Білім нәрімен сусындаған студенттер ҚР Ұлттық музейі мен Елбасы кітапханасының музейіне арнайы барып, көне де құнды жәдігерлермен танысты.
Семинар барысында қатысушылар архитектор, «Урбанистика орталығының» жетекшісі, «Қазақстан 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Асхат Садуовпен кездесіп, келелі әңгіме өрбітті.
–Алатау баурайынан Сарыарқа төсінде орналасқан елордамызға келгеніме өте қуаныштымын. Әсіресе, Елбасы кітапханасы ұйымдастырған екі күндік семинар-тренингтен екі жылдық рухани азық алдым. Ел жастары ретінде осындай оқу курстарына жиі қатысып, білікті мамандардың дәрістерін тыңдап, содан нәтиже шығаруымыз тиіс,-деп ой бөлісті Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Шыңғыс Сапа.
Осыдан бір жыл бұрын елордаға келіп, Назарбаев орталығын сырттай бақылаған шымкенттік ару ғимараттың сәулетіне қызығып кетеді. Осы жолы былтыр алыстан көздің жауын алып, менмұндалап шақырған мекемеге оқу курсына келеді. Таңданысын жасыра алмаған бойжеткен алған әсерімен бөлісті.
– Ғимараттың сыртқы көрінісі «фонарикке» өте ұқсас. Оның астарында, білімдіге дүние жарық екендігін ұғындырып, ал білім алу үшін кітап оқу керектігін барша адамзатқа үндейтіндей. Кітапханаға кірген бетте мекеме басшылығы зәулім ғимаратпен таныстырып, әрі қарай Сағынтай Кеңесқызының керемет лекциясымен жалғасын тапты. Практикалық сабақта өз қабілеттерімізді шыңдап, шағын топтарға бөліп өткен тренинг баршамызға ұнады. Бұл күндер біздің жадымызда мәңгі сақталап, керемет өрнегін қалдырары сөзсіз,-деді Silkway Халықаралық университетінің студенті Ақниет Тұрсынбай.
Семинардың соңына қарай Silkway Халықаралық университетінің студенті Оразбай Наурызбай сол жерде отырып, он минуттың ішінде биыл елімізде аталып өтетін Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап данышпан, ақын Ұлы Абайдың портретін салып, Елбасы кітапханасының ұжымына тарту етті.
Марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Б.Қайыпова барлық қатысушыларды құттықтап, сертификаттарды табыс етті.




